"Күштеуге жол жоқ": денсаулық сақтау министрі Қостанайда соққыға жығылған фельдшерге араша түсті
Жарияланған күні:
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанайда жедел жәрдем бригадасы фельдшеріне жасалған шабуылға қатысты пікірін Instagram-дағы парағына жазды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жақында біз Қостанайда жедел жәрдем бригадасының фельдшеріне жасалған шабуыл жайлы естідік. Науқасқа жәрдем беруге келген жас маман Анель Баймурзинаның өзі соққы салдарынан ауруханаға түсті. Мен Анель Баймурзинаның отбасына қолдау көрсетіп, оның тезірек жазылып кетуін тілеймін. Осы оқиға назардан тыс қалмайды", - дейді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, күнде қанша адамның өмірін сақтап қалумен аянбай күресіп жүрген жедел жәрдем қызметкерлері кейде аса күрделі әрі қауіпті жағдайларға жиі ұшырасып жатады.
Денсаулық сақтау министрінің басшысы жергілікті атқарушы органдардың 2019-2023 жылдар аралығындағы деректерін келтіріп, осы уақыт аралығында кәсіби қызметін атқару кезінде 158 медицина жұмысшысы зардап шеккенін жазды.
"Соған байланысты, депутатар қолдауына арқа сүйей отырып, біз кәсіби жұмысы барысында медицина қызметкерлеріне қол көтергендерге қылмыстық жауапкершілік тағайындау жөнінде бастама көтердік. Мұндай қылмыскерлер тиісті жазасын алуға, тіпті бостандығы шектелуге, қоғам сынына ұшырауға тиіс", - деп мәлімдеді министр.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қостанайда жедел жәрдем бригадасының бір фельдшері қайтыс болған әйелдің туыстары жабылып ұрғанын мәлімдеген.
Биыл жазда денсаулық сақтау министрлігі мен бас прокуратура дәрігерлерге күш көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу үшін заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203325-kushteuge-zhol-zhoq-densaulyq-saqtau-ministri-qostanaida-soqqyga-zhygylgan-feldsherge-arasha-tusti/