Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысында шырша безендірген мұғалім жарақат алды: бірнеше шенеунік жазаланды

Жарияланған күні:

Жаңажылдық шырша
Жаңажылдық шырша. Көрнекі сурет: pexels.com

Абай облысында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту оқиғасынан кейін бірнеше адам жазаланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова хабарлады.

Бұған дейін Семей қаласындағы басты жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев зардап шеккені белгілі болған. Осы оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз наразылығын білдірген еді.

Ол "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын ерекше атап өткен. Министр облыс басшылығының әділ тергеу жүргізіп, тиісті шараларды қабылдайтынына үміт артатынын мәлімдеді.

Кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.

Бүгін Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова KAZ.NUR.KZ тілшісіне тексеру нәтижелері туралы хабарлады. Оның айтуынша, заңсыз жұмыстарға қаланың үш мектебінен үш мұғалім тартылған.

"Сенбі күні облыс әкімі төрағалығымен жұмыс кеңесі өтіп, онда білім басқармасына қызметтік тергеу жүргізу, денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен азаматты ерекше бақылауға алып, 24 сағат бойы қадағалауды тапсырды. Қызметтік тергеу барысында қаланың үш мектебінің мұғалімдері жаңажылдық шыршаны орнатуға тартылғаны анықталды. Мектеп директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Біржан Булабаев атқарып отырған қызметінен босатылды. Бұл мәселе облыс әкімі мен оқу-ағарту министрінің бақылауында", - деді Айжан Құрманова.

Құрманованың сөзінше, ол қазір зардап шеккен мұғалімнің жағдайын білу үшін ауруханаға барған.

"Жағдайы тұрақты. Мұғалім құлап кеткен. Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінен палатаға шығарылған. Дәрігерлер оның денсаулығына орташа ауыр жарақат келгенін айтты. Қазіргі таңда науқас есін біледі, бәрін танып, амандасып отыр", - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Еске салайық, Семейдегі бұл оқиға туралы бұрынғы білім министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді. Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайтынын айтып, "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатын еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203584-abai-oblysynda-shyrsha-bezendirgen-mugalim-zharaqat-aldy-birneshe-sheneunik-zhazalandy/