Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"4-5 метр биіктен құлаған": Семейде шырша құруда зардап шеккен мұғалімнің әйелі сұқбат берді

Жарияланған күні:

Семейде зардап шеккен мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы
Семейде зардап шеккен мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейде шырша безендіруде зардап шеккен мұғалім Қуат Айтқалиевтің әйелі Сымбат Аянқызы күйеуі зардап шеккен оқиға туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Семейде мұғалім шырша безендіру кезінде 4-5 метр биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Оның әйелі Сымбат Аянқызының айтуынша, күйеуінің бассүйегі сынып, миына зақым келген.
  • Сымбат Аянқызы мұғалімдерді шырша құруға тартуды заңсыз деп санайды. Оның пікірінше, бұл оқиғаға әкімдік пен білім бөлімі жауапты.
  • Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын атап өтіп, әділ тергеу жүргізілуін талап етті.

Әйелінің айтуынша, өзі де, күйеуі мұғалімдік қызметте, жарының жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асқан. Отбасының бір баласы бар. Күйеуі оқиға болғаннан кейін екі күн жансақтау бөлімінде жатқан.

"Сағат 8-9-дарда менің жолдасыма директор хабарласты. Әліби деген досына №49 мектептің директоры Гүлфариза Тоқтаубайқызы хабарласып, алаңға шырша құру үшін жиналасыздар деген. Сол кезде сағат тоғызда ол шығып кетті. 9:30-да алаңға жетіпті. Шырша құрып жатқан кезінде 4-5 метр биіктен құлаған. Оқиғадан кейін бірден келдім, оны ота жасатуға алып кетіпті.

Дәрігер оның бассүйегі сынып, миына кіріп кеткен деді. Кішкентай ісік бар деді. Жағдайы өте ауыр және ештеңе айта алмаймын деп айтты. Дәрігер ешқандай болжам жасай алмаймыз деді. Ота жасалып, миындағы қаны алып тасталыпты. Бассүйегінің бір бөлігі де алынған. Үш айдан кейін орнына пластмасса қояды", - деп баяндады әйелі күйеуінің жағдайын.

Сымбат Аянқызының айтуынша, мұндай іс-шараға тарту (шырша құру туралы айтып отыр – авт. ескертпесі) кәсіби педагогтің міндетіне кірмейді.

"Сенбі күні сағат 9:00-де шығарып тұр. Қағаз жүзінде ешқандай да бұйрық болмаған. Өзім барлық пабликтен қарап жатырмын, осы оқиғаға тек білім бөлімін кінәлап жатыр. Иә, олар да кінәлі. Себебі педагогтің мәртебесін қорғай алмай жатыр. Бірақ бұл жерде әкімдік те кінәлі. Себебі бірінші әкімдік бұйрық берген, бұл әкімдіктің шыршасы, мектептің немесе білім бөлімінің шыршасы емес. Оған 30 миллион теңге бөлінген.

Ал оған бейшара мұғалімдерді тартады. Бұл адам тағдырымен ойнау ғой. Жағдайы қалай боларын білмеймін, бірақ өте қиын, ауыр жағдай. Өзім де педагогпін. Біздің естуіміз бойынша, әкімдік білім бөліміне бұйрық береді, олар директорға бұйрық берген. Күйеуім осылайша зардап шегіп отыр", - дейді ол.

Оның сөзінше, күйеуі қазіргі уақытта есін біледі, бірақ сұрақтар қиын болса, кідіріп қалады.

"Болашақта жағдайы нашарлап кете ме, әлде жақсара ма, дәрігерлер ешқандай да болжам айта алмаймыз деп отыр. Күйеуім үшін өз басым істі соңына дейін жеткіземін. Ештеңеден қорықпаймын. Кім жауапты болса, солар жазасын алсын", - деді Сымбат Аянқызы.

Еске салайық, Семей қаласындағы басты жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев зардап шеккені белгілі болған. Осы оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз наразылығын білдірген еді. Ол "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын ерекше атап өткен. Министр облыс басшылығының әділ тергеу жүргізіп, тиісті шараларды қабылдайтынына үміт артатынын мәлімдеді.

Кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.

Бүгін Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова KAZ.NUR.KZ тілшісіне тексеру нәтижелері туралы хабарлады. Бұған дейін Семейдегі бұл оқиға туралы бұрынғы білім министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді. Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайтынын айтып, "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатын еске салды.

Сұхбаттасқан: Елжан Нұрболат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203634-4-5-metrden-qulagan-semeide-shyrsha-quruda-zardap-shekken-mugalimning-aieli-suhbat-berdi/