Астана маңындағы тасжолда 40-қа жуық көлік соқтығысып қалды (видео)
Жарияланған күні:
Ақмола облысында жаппай жол апаты болды. Оқиға орнында түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тараған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бейнежазба dorogi_karagandy Instagram-дағы парақшасында жарияланған. Кадрлардан көптеген көліктің соқтығысып қалғанын аңғаруға болады. Сондай-ақ бейнежазбадан қатты боран соғып тұрғаны байқалады.
Жазба авторларының сөзінше, жол апаты Астана-Щучинск тасжолында болған. Ақмола облыстық полиция департаменті 3 қаңтар сағат 13:30-да Біржан сал ауданы Қоғам мен Қаратал ауылы арасындағы жол учаскесінде 40-қа жуық көлік соқтығысқанын хабарлады.
Құқыққорғаушылар жол апатына ауа райының қолайсыздығы, дәлірек айтқанда боран мен көру мүмкіндігінің шектелуі себеп болғанын айтты. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.
"Оқиға орнында полиция мен төтенше жағдай жөніндегі қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Автокөліктерді эвакуациялау, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер бар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207819-astana-petropavl-taszholynda-zhappai-zhol-apaty-boldy-video/