Алматылықтар Жаңа жылда 102-ге қоңырау шалып, полицейлерді құттықтаған
Жарияланған күні:
Алматыдағы 102 пультіне жаңажылдық құттықтаулар жазылған 10-ға жуық хабарлама келіп түсті. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мереке күндері мен Жаңа жыл түні полицейлер үшін қалай өткені туралы әңгімелеген Салтанат Әзірбек 102 пультіне бірнеше рет құттықтау келіп түскенін айтты.
"102 желісіне қоңырау шалғандар операторларды Жаңа жылмен құттықтап, бақыт пен жақсылық тіледі. Операторлар да жылы жауап берді. Алайда мұндай әңгіме бірнеше секундқа ғана созылады, себебі байланыс желісіне кедергі келтірмеу маңызды", - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі.
Сонымен қатар мереке күндері полицейлерге подъезде жүрген күдікті адамдар туралы да хабарламалар түскен. Алайда тексеру кезінде бұл адамдардың тек достарын құттықтау үшін түрлі кейіпкерлердің киімін киіп алғаны анықталған.
Әзірбек Алматыда мереке түні ерекше оқиғалар тіркелмегенін, бірақ бұрынғы жылдарда шырша жанында мас Аяз ата мен Ақшақарды полиция алып кеткені туралы ескі оқиғаны еске алды.
Сондай-ақ спикер жалпы Алматыда 31 қаңтар мен 4 қаңтар аралығында полицияға 10 мыңнан астам қоңырау түскенін, олардың басым бөлігі ақпараттық сипатта болғанын айтты.
Осы күндері 65 қылмыс тіркеліп, оның 42-сі жедел ашылған. Жолдарда 3500-ден астам заңбұзушылыққа жол берілсе, бұдан бөлек 26 мас жүргізуші анықталған. 10 адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан 13 жол-көлік оқиғасы болған.
Пиротехникалық заттарды заңсыз сатқаны үшін тағы 200-ге жуық адам жауапқа тартылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208698-almatylyqtar-zhanga-zhylda-102-ge-qongyrau-shalyp-politseilerdi-quttyqtagan/