Мұхтар Мағауин дүниеден озды
Жарияланған күні:
Әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ оның ұлы Едіге Мағауинге сілтеме жасап хабарлайды.
Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин Facebook желісінде жеткізді. Оның сөзінше, қаламгер АҚШ-та қайтыс болған.
"Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)", - делінген жазбада.
Сондай-ақ ол жазушының шығармасынан үзінді келтірген.
"Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!" Мұхтар Мағауин, "Көлме-көл". Толық шығармалар жинағы, 26-шы том.
Мұхтар Мағауин – жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы. 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.
Жазушыға арналған сайт мәліметі бойынша, оның қаламгерлік қызметі жиырма жасынан басталады. Алғашқы әңгімелерінен-ақ үлкен көркемдік биікке жетеді. Алайда, көп ұзамай, жиырма бес жасында әдебиет тарихшысы ретінде атаққа шығады: Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасы – ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған, бұл кезде мүлде дерлік ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген еді. Бұдан соңғы кезеңде ғылымнан қол үзбесе де, көркем прозаға біржола бет қойыпты.
Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазады. Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған. Соңғы жылдарда Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық "Шыңғыс хан және оның заманы" атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізді. Мұхтар Мағауиннің алпыс жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері бүгінде толық жиырма жеті том болып тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210202-muhtar-magauin-dunieden-ozdy/