Зектілері

"ҰҚК қолдауына ие болған": сот "Дикий Арманға" қатысты іс бойынша үкімді бүге-шігесіне дейін түсіндірді

Жарияланған күні:

Арман Жұмагелдиев
Арман Жұмагелдиев. Фото: Instagram/ armandzhumageldiev

Бүгін Алматыда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты іс бойынша сот процесі аяқталды. "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке және басқа да тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қалалық сот өкілдері істің мән-жайын ашып айтты.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ ҰҚК-ның 5-департаментінің экс-басшысы Руслан Ысқақов, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2016 жылы Руслан Ысқақов ҰҚК-ның 5-Департаменті басшысының орынбасары бола отырып, Арман Жұмагелдиевті ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, серіктестікке көндірген.

ҰҚК органдарының қолдауына ие болған Арман Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Бұл мақсатта ол ұйымның негізгі рөлдеріне бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқан.

Іс материалдарында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының барлық мүшесі, ұйымдастырушылық, функционалдық және аумақтық негізде топтарға бөлініп, тікелей оған бағынғаны айтылады.

"Сондай-ақ Ысқақов басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымымен бәсекелес ұйымдасқан қылмыстық топтарды жойғаны анықталды.

Сонымен қатар Руслан Ысқақов Арман Жұмагелдиев тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған", - делінген хабарламада.

Ал 2017 жылдың желтоқсанынан бастап Арман Жұмагелдиев өзінің қылмыстық ұйымының қызметін Түркияда тұрып, қашықтықтан басқарған. Ол Қазақстан, Түркия және БАӘ-де, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен және мүшелерімен кездесу өткізіп тұрған.

Қылмыстық ұйымның ықпал аясын кеңейту және қаржылық түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде әлеуетті құрбандарды іздеген. Мысалы 2021 жылы маусым айының басында топ мүшелері Түркістан облысының тұрғынының, олардың таныстарына 25 млн теңге қарызы бар екенін білді. Жұмагелдиевтің бағыныштылары зардап шегушіні ұрып-соғып, оны Шымкенттегі қонақ үйдің алтыншы қабатынан лақтырып жібереміз деп қорқытып, 23 млн теңгені қайтаруға мәжбүр еткен, оның 12 млн теңгесі сотталушылардың пайдасына алынған", - дейді соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Қалалық соттың мәліметінше, 2022 жылдың басында Ысқақов, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды. Бұл үшін Жұмагелдиев 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстанға алдын ала келген.

"2022 жылы қаңтар оқиғалары кезінде Құдайберген "Қазақстан" қонақ үйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша көрсетілген адамдар, қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарған", - делінген қалалық соттың хабарламасында.

Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматы қаласындағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтаған. Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін "Халық кеңесі" түрінде конституциялық емес орган құру болған.

Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкент қаласындағы қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған.

Сонымен қоса Құдайбергеннің заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды "Қазақстан" қонақ үйінің маңында жинауды ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұл әрекетті бизнес нысандарын қорғауға көмек көрсету деген сылтаумен жасаған, алайда шын мәнінде Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздеген.

"2022 жылдың 5 қаңтарынан 6 қаңтарға қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Ысқақов тәртіпсіздік ұйымдастыру жоспарының сәтсіз болатынын түсініп, қылмыстың іздерін жасыруға шешім қабылдаған. Бұл мақсатта ол Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен, Жұмагелдиевке адамдарды ұрлап, оларды "Қазақстан" және The Ritz Carlton Almaty қонақ үйлерінде ұстауды тапсырған.

2022 жылдың 6-7 қаңтар аралығында Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған.

Сонымен қатар кейбір адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлыққа және "ДВК" экстремистік әрекеттеріне қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген", - дейді қалалық сот өкілдері.

Мысалы The Ritz Carlton Almaty қонақ үйінің маңында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының шамамен 15 мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ішіндегі 5 азаматты түсіріп алған. Жолаушылардың бірін, шабуылдаушылар басынан балғамен ұрып, есінен тандырған.

Осыдан кейін жәбірленушілерді еркінен тыс қонақ үйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізіп, олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді іш киіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан.

Сонымен бірге оларды жаппай тәртіпсіздікке және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген.

Жалпы Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соғу әрекеттерін жасаған. Кейін, 24 ұсталған адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларында қамалған.

Бұдан бөлек Алматы қаласында тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы қаласының ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған.

Дәлелденген мәліметтер мойынша, Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысушылармен күресті тек көзбояушылық үшін ұйымдастырған және оның барлық әрекеттері, өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталған.

Сот барысында куәгерлердің тұрақты айғақтары, сотта зерттелген мәліметтер, сараптамалар және бейнежазбалар, Жұмагелдиев пен оның тобының қылмыстық әрекеттерін дәлелдеді.

Сот үкімімен Жұмагелдиев Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Руслан Ысқақов Қылмыстық кодекстің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

️Қайрат Құдайберген Қылмыстық кодекстің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жаппай тәртіпсіздіктің басқа қатысушыларына – Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

️Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бірқатар сотталғанға қатысты мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.

Сот өкілдерінің хабарлауынша, үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2215502-uqk-qoldauyna-ie-bolgan-sot-dikii-armanga-qatysty-is-boiynsha-ukimdi-buge-shigesine-deiin-tusindirdi/