Зектілері

"Әлі талқыланып жатыр": Ұлттық банк өкілі ҚҚС көтерілгеннен кейінгі инфляцияны тежеу жоспарын айтты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ақша ұстаған адам қолы
Ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ/ВладимирТретьяков

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов сенат кулуарында қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін инфляцияны қалай тежеуге болатыны туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналистер Ұлттық банк өкілінен қазіргі уақытта "үкімет пен Ұлттық банк арасында қандай да бір мүдделер қақтығысы қалыптасып жатқан жоқ па" деп сұрады. Өйткені олардың сөзінше, президент Ұлттық банкке инфляцияны тежеуді тапсырды, ал үкімет оны салықты көбейту арқылы одан әрі жылдамдатады.

Алайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл пікірмен келіспейді.

"Бұл (инфляцияны төмендету – ред. ескертпесі) үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен жұмысы. Таразыға салғанда олар бір-біріне кереғар болмайды: бірі нығайтып, екіншісі әлсірететіндей. Сондықтан мемлекет басшысы шығындарды қысқарту керек екенін, оны (бюджетті -ред. ескертпесі) оңтайландыру және сол арқылы оны тек шұғыл, маңызды істерге бағыттау қажет екенін айтты. Үкімет пен Ұлттық банк басталған үдерісті күшейтеді", - деді ол.

Ол ҚҚС ұлғаюының инфляцияға әсері туралы айтқанда ең алдымен "бұл салықтың қанша пайызға (16 пайыз ба әлде 20 пайыз ба) артатынын түсінуіміз керек" дейді.

"Әлі талқыланып жатыр. Серік Жұманғарин да айтты (ұлттық экономика министрі, премьер-министрдің орынбасары – ред. ескертпесі). Бір жағынан салықты көтерсек, екінші жағынан бизнеске жеңілдік жасаймыз. Қандай механизм қабылданады, соған сүйене отырып, экономикалық есеп жасаймыз.

Ондайды көріп тұрған жоқпыз (мүдделер қақтығысы - ред.ескертпесі). Біз таразының екі жағын – шығыс пен кірісті қарастыруымыз керек. Онда шығыс бөлігі көп, кіріс бөлігі аз болып, Ұлттық қор есебінен өтелетіндей емес, теңгерімді болуы керек", - деп түйіндеді сөзін Берік Шолпанқұлов.

Айта кетейік, үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ҚҚС көтерілгеннен кейін Қазақстанда азық-түлік пен басқа да тауарлар сөзсіз қымбаттайтынын айтқан еді.

28 қаңтарда премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төмендетіп, ҚҚС-ты көтеруді ұсынды.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ҚҚС-ты көтеру жоспары туралы айта келе, жаңа мөлшерлеме әлі анықталмағанын, бірақ 16-20 пайыздық мөлшерлеме аясында болатыны талқыланып жатқанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2216585-ali-talqylanyp-zhatyr-ulttyq-bank-okili-qqs-koterilgennen-keiingi-infliatsiiany-tezheu-zhosparyn-aitty/