Перизат Қайратқа қатысты тергеу аяқталды: келтірілген шығын көлемі белгілі болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы сенат кулуарында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ҚМА өкілінің айтуынша, келтірілген шығынның жалпы сомасы – 3,5 млрд теңге.
Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Одан кейін іс сотқа жолданады.
"Иә, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр.
Қосымша айта кетейін, естеріңізде болса, қылмыстық істі тергеу барысында әртүрлі шығын сомасы айтылды. Қазіргі уақытта келтірілген шығынның жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге дегенге тоқтадық", - дейді Жеңіс Елемесов.
Ол Перизат Қайрат реабилитациялық орталық құрылысына, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестинаға гуманитарлық көмек үшін қаражат жинағанын айтты. Спикердің сөзінше, осы үш эпизодтың барлығы Қылмыстық кодекстің 190-бабы – "Алаяқтық" бойынша қаралып жатыр.
Сондай-ақ ҚМА өкілінің айтуынша, қылмыстық жолмен алынған қаражатты жылыстатуға қатысты тағы екі дерек бар.
Ведомство өкілі Перизат Қайратпен бірге анасы да сот алдында жауап беретінін жеткізді.
"Ол кісі де Қылмыстық кодекстің 190 және 218-баптары бойынша жауапқа тартылып жатыр. Ол кісіге қатысты үймақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған. Қылмыстық іспен танысу процесі жүріп жатыр", - деді Елемесов.
Сонымен қатар журналистер спикерден қылмыстық жолмен алынған қаражатты жылыстату қалай болғанын сұрады.
"Қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қатысты, Перизат Қайрат гүл дүкенін сатып алуға ақша салған. Осылайша, ол өзін қоғамға бизнес-леди және бизнес кеңістікте ақша табатындай көрсеткен", - дейді ҚМА өкілі.
Бұдан бөлек, журналистер Перизат Қайраттан тәркіленген мүлік пен бағалы заттардың болашақтағы тағдыры туралы сұрады. Жеңіс Елемесов мұны сот шешетінін атап өтті.
Айтуынша, тәркіленген мүлік жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады, не мемлекеттің кірісіне беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.
Сол кезде ҚМА өкілдері қайырымдылық үшін жіберілген қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.
Биылғы наурызда Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі мәжбүрлі түрде таратылатыны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2232732-perizat-qairatqa-qatysty-tergeu-aiaqtaldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде