"Ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңге": Перизат Қайрат ісіне қатысты тың мәлімет жарияланды
Жарияланған күні:

Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайратқа қатысты тергеу нәтижесі туралы толығырақ мәлімет беріп, оның анасы қандай күдікке ілінгенін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қаржы мониторингі агенттігінің Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, Перизат Қайрат пен оның анасының әрекеті сарапталды, олар аса ірі көлемде алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінген.
"Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Оның айтуынша, бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған.
Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңге болды.
Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына түскен қаражатты өзінің және анасының есепшотына аударып, кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхатқа, жөндеу қызметіне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған", - делінген ҚМА хабарламасында.
Айыптау нұсқасына сүйенсек, 2024 жылы 1 сәуір мен 15 қараша аралығында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық қорының есепшотына 2,8 млрд теңге жинап, жымқырғаны анықталды.
Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерінің мәліметіне сәйкес, қылмыстық табысты жымқыру мақсатында ол 16 серіктес жеке кәсіпкерлермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар, етіктер және басқа да заттарды жеткізу жөнінде жалған келісімдер жасасқан. Алайда бұл келісімдер іс жүзінде орындалмаған.
"Нәтижесінде миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарына жұмсалған. Осы соманың 72 млн теңгесі оның анасының есепшотына "Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға тұрмыстық техника сатып алу" деген сылтаумен аударылып, кейін ол Перизат Қайрат арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылды.
Ақшаның бір бөлігіне сомасы 6,9 млн теңге құраған Rolex сағатын сатып алуға жұмсалған. Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігі 2024 жылдың қаңтарында Перизат Қайрат "Rebel flowers" компаниясын сатып алуға жұмсалған. Оның құны 23 млн теңге болса да, ол келісім-шартта күдік туғызбау үшін 2 млн теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен.
Гүл бизнесінен түскен табысы 69 млн теңге болған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Перизат Қайратқа ұрланған қаражатқа 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орнын, үй, жер телімін және ғимарат сатып алған деген айып тағылып отыр. Хабарламада одан жалпы құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киім және сөмкелер тәркіленгені айтылады.
"Жалпы құны 865 млн теңгені құрайтын қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Анасына үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды", - дейді ҚМА баспасөз қызметі өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233116-urlangan-qarzhy-kolemi-3-5-mlrd-tengge-perizat-qairat-isine-qatysty-tyng-malimet-zhariialandy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде