Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтары заңды жұмыс істеу үшін арадағы келісім қашан бекітілуі мүмкін
Жарияланған күні:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтарының заңды жұмыс істеуіне жағдай жасау мүмкіндігіне түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
Агенттіктің жазуынша, қазақстандықтар Корея Республикасына жұмыс істеуге барарда сертификация рәсімдерінен өтуі керек. Еңбек министрлігі еліміздің үш өңірінде тиісті орталықтарды дайындап қойған.
"Үш орталық іске қосуға толық дайын. Оңтүстік Корея жағымен келісімге қол қоюды күтіп отырмыз. Былтыр аталған елмен тиісті меморандумды бекіттік, оның аясында қазір осы келісімді дайындап жатырмыз. Бұл құжат жобасы Кореяның Еңбек министрлігімен келісіліп жатыр", - деді Жақыпова елордада сенат жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы аясында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, келісімге қол қойылғаннан кейін, орталықтар дайындық жұмыстарын бастайды. Оңтүстік Корея тарапы Қазақстан жұмысшыларына кәсібі пен мамандығы бойынша талаптар қояды.
"Олар бізге талаптар тізімін беруі керек, сол тізім бойынша бұл орталықтарды іске қосамыз. Олар Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында және Алматы қаласында жасақталды. Оқыту ақылы болады. Сыртқы істер министрлігімен бірлесе жұмыс жүріп жатыр. Аталған құжат Қазақстанның барлық мемлекеттік органдарымен келісілді, - деді министр.
Ведомство басшысының пайымынша, биыл бірінші жартыжылдықта аталған құжат бекітілуі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233172-ongtustik-koreiada-qazaqstan-azamattarynyng-zangdy-zhumys-isteu-ushin-aradagy-kelisim-qashan-bekitilui-mumkin/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде