jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

"Балалар бір-бірінен ажырамайды": Алматы әкімдігі "Бағанашыл" балалар үйіне қатысты мәлімдеме жасады

Алматыдағы балалар үйі
Алматыдағы балалар үйі. Фото: Алматы облысының әкімдігінің баспасөз қызметі

"Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орталығы аумағында тұрып, Алматы қаласында білім алуын жалғастырады. Бұл туралы Алматы әкімдігі мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері нысанды қаланың қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, бұл техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана келесі жылы басталады.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бір-бірінен ажырамайды.

Тәрбиеленушілер Алматы қаласындағы қазір өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырады.

Балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету Алматы қаласы әкімдігінің және Оқу-ағарту министрлігінің басты назарында. Балалардың оқуы мен тұрмыс жайы әрдайым жіті бақылауда болады", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 21 шілдеде әлеуметтік желілерде балалар үйі тәрбиеленушілерінің Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқаны туралы видео тарады. Балаларды полиция қызметкерлерінің көмегімен көшірмек болған.

Бұл кадрларға бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саин назар аударып, балалардың келісімінсіз және пікірімен санаспай көшіру, олардың құқықтарын бұзу екенін айтты.

"Бұл жағдай енді жеке мәселе емес және мемлекеттің дереу араласуын талап ететін қоғамдық трагедияға айналып барады", - деді Аружан Саин.

Кейін жағдаймен танысқан мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне тапсырма берді, сондай-ақ балалар үйі көшірілмейтін болды.

"Балалар бір-бірінен ажырамайды": Алматы әкімдігі "Бағанашыл" балалар үйіне қатысты мәлімдеме жасады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.