Жомарт Ертаев бостандыққа шықты
Опубликовано:
Читать на русском
Bank RBK бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев бостандыққа шықты. Ақпаратты Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, аталған сотталушы сот үкіміне сәйкес түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан.
Сот шешімі бойынша оған рақымшылық жасалып, соның нәтижесінде босатылды.
"Оған қосымша сотталғандарға қатысты шешімдерді қарау және қабылдау соттың құзыретіне жататынын хабарлаймыз. Сонымен бірге, одан әрі бақылау және қадағалау үшін сотталған адам пробация қызметінің есебіне алынды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзге тұлғалармен алдын-ала келісу арқылы "BANK RBK"-дан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Алматыда мекемеаралық жедел-тергеу тобы экс-банкир әрі "Алма-ТВ" ЖШС-нің бас директоры Жомарт Ертаевты құрықтамақ болған. Алайда Ертаев дер кезінде ізін суытқан.
2018 жылы оған халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланды.
2018 жылы мамырда банкирді ресейлік құзырлы орған өкілдері тұтқындаған. Бірақ алаяқтық жасады деп айыпталып жатқан Ертаевты босатып жіберген.
Кейінірек Қазақстанның Бас прокуратура қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресей Федерациясынан Жомарт Ертаевты экстрадициялады.
Ертаевқа қатысты сот 2019 жылдың желтоқсанында басталып, бір жылға жуық уақытқа созылды.
2020 жылдың қараша айында бұрынғы банкир Bank RBK-ға тиесілі 144 миллиард теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал 2021 жылы екінші қылмыстық іс бойынша экс-банкир Жомарт Ертаевқа сот үкімі шықты. Ол қылмыстық топ құрғаны және алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жалпы алғанда ол 20 жыл бойы жазасын өтеуі керек болған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2281827-zhomart-ertaev-bostandyqqa-shyqty/