jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Қазақстандағы моноқалалар: қай өңір тұрғындары табысын жеткілікті деп санайды

Қала көшесi
Көрнекі фото: Depositphotos

Қазақстандағы тау-кен металлургия кешені (ТМК) орналасқан қалалардың тұрғындары табыстарын жеткілікті деп санайтындарын айтқан. Сала қызметкерлерінің арасында бұл көрсеткіш 60%-дан асады. Әлеуметтанушылар мұндай қорытындыға Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Рудный және Хромтау қалаларында жүргізген зерттеу нәтижесінде келген.

"Қазақстанның тау-кен металлургия кешені: экономикалық үлесі және орнықты даму перспективалары" атты баяндаманың таныстырылымында зерттеу қорытындылары жарияланды. Жобаның бастамашысы – "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Айта кетейік, ұлттық палата салалық қауымдастықтармен бірлесіп, бизнестің ұстанымын үйлестіреді, компаниялардың ұсыныстарын жинап, мемлекетпен келіссөздер жүргізеді.

Өткен жылдың қазан айында аталмыш қалаларда тұратын 800-ге жуық адам арасында сауалнама жүргізілді. Зерттеудің басты мақсаты – ТМК кәсіпорындарының қала мен өңірдің тіршілігіне, ел экономикасы мен халық тұрмысына ықпалын бағалау. Сонымен қатар бұл компаниялардың негізгі жұмыс беруші ретіндегі тұрақтылығын және жергілікті халықтың тұрмыс сапасына әсерін анықтау.

Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, респонденттердің үштен бірі (32,4%) табыс деңгейіне қанағаттанады. Тағы да соншасы қазіргі жалақысын жеткілікті деп санайды, бірақ жоғары болуын қалайды.

Табысын жеткілікті деп санайтын қазақстандықтардың көбі Хромтау, Рудный және Жезқазғанда тұрады. Бұл қалалардағы тұрғындардың жартысы табысына көңілі толады. Ал Теміртау мен Павлодарда жағдай басқаша. Мәселен, өңір халқының төрттен бірі жалақысын мүлдем жеткіліксіз деп есептейді.

Сала бойынша табысына қанағаттанғандар – ТМК қызметкерлері. Олардың үлесі 60%-дан асады. Ең төменгі қанағаттану деңгейі – үй шаруасындағы әйелдер арасында.

Шығыстың негізгі бөлігін алсақ, тұрғындардың басым бөлігі айлық табысының 41-50%-ын азық-түлікке жұмсайды екен. Шамамен 20% адамдар 31-40%, ал аз бөлігі 20%-дан аз немесе 70%-дан көп қаражатты азық-түлікке бөледі.

Несие мәселесінде де айырмашылық бар. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (47%) несие алып, қарызын өтеу үшін күнделікті шығынын азайтуға мәжбүр. Бесінші бөлігі (19,7%) несие алса да, қиналмай төлеп отыр. Ал тұрғындардың 27,9%-ның қарызы жоқ, 4,5%-ы несиелерді төлеуде қиындық көреді. Рудныйда қаржылық тұрақтылық деңгейі жоғарырақ. Мұнда несие төлеуде қиналмайтындар үлесі басқа қалаларға қарағанда екі есе көп. 65 жастан асқан зейнеткерлердің басым бөлігі несие алып көрмеген.

"Бұл зерттеу ТМК жұмысы мен оның экономикасы моноқала тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететінін көрсетті. Тұрақты табыс пен шығынды алдын ала жоспарлау мүмкіндігі бұл қалалардағы өмірді жайлы етіп, тұрғындарға ертеңгі күнге сенім ұялатады", - дейді зерттеу авторлары.

Сонымен қатар сауалнама нәтижесі көрсеткендей, ТМК кәсіпорындары орналасқан қалаларда әлеуметтік оптимизм деңгейі жоғары. Мәселен, бұл қалалардағы әлеуметтік оптимизм деңгейі 52%-ға жетсе, республика бойынша көрсеткіш – 37%-ға тең.

Қазіргі уақытта тау-кен металлургия кешені 200 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Қосалқы салаларды қоса есептегенде, 600 мыңға жуық адам еңбек етеді. ТМК қызметі 16 моноқаланың тіршілігіне тікелей әсер етуде. Бұл қалаларда 1 млн астам тұрғын өмір сүреді, ал өндіріс көлемі 658 млрд теңгеге жеткен.

Сонымен қатар ТМК шағын және орта бизнестің, көлік, энергетика және машина жасау салаларының дамуына серпін беріп, елдегі теміржол жүк айналымының жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр.

Қазақстандағы моноқалалар: қай өңір тұрғындары табысын жеткілікті деп санайды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.