jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Гүлнара Бижанова: Қолданбалы ғылым – ТМК-дегі сын-қатерлерді жаңа мүмкіндіктерге айналдырады

ГМК
Фото: pixabay.com

Тау-кен металлургия кешенінің болашағы тек шикізат қорының көлеміне ғана емес, ғылым мен өндірістің оны бәсекеге қабілетті өнімге дер кезінде айналдыра білуіне байланысты. Қазақстан осы бағытта қазір үлкен әлеуетке ие екенін "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова атап өтті. Оның айтуынша, ғылым мен өндірістің тығыз байланысы елдің жаһандық нарықтағы бәсекелік қабілетін арттыра алады. Мұның айғағы – Ақтөбе облысында қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған бірегей флотациялық учаскенің іске қосылуы.

- ERG Дөң тау-кен байыту комбинатында өндірістік қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған әлемдегі алғашқы флотациялық учаскені іске қосты. Бұл бастаманың сала мен ел үшін мәні неде?

- Бұл – үлкен жетістік. Біз отандық ғылымның бірден әлемдік деңгейдегі өнеркәсіптік технологияға айналғанын көріп отырмыз. Жобаны ERG-дің ғылыми-зерттеу және инжиниринг орталығының ғалымдары жасап, патент алды. Бүгінде ол нақты өндірісте іске асуда. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш әрі Қазақстанда шынайы ғылыми жаңалықтарға жол ашық екенін айғақтайды. Айта кетейік, ТМК тарихында мұндай сәтті шешімдер аз емес.

- Жаңа технология несімен ерекшеленеді? Бұрын қол жетпеген қандай нәтижеге жетті?

- Жаңа әдіс өте ұсақ бөлшектерді де өңдеуге мүмкіндік береді. Бұрын олар жарамсыз саналып келген. Жоба қоршаған ортаға түсетін қысымды азайтып қана қоймай, экономикаға да елеулі пайда әкеледі. Мәселен, қазірдің өзінде оған 20,6 млрд теңге инвестиция құйылды, ал жалпы қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламасының құны – 96 млрд теңге. Бұл – бүкіл нарыққа берілген маңызды нұсқау. Яғни бұрын пайдасыз деп келген қалдықтар ғылым мен инновацияның арқасында құнды ресурсқа айналып отыр. Бұл – шикізаттың қайта жандануы.

Нәтижесінде біз бірнеше мәселені шешеміз, оның ішінде экологиялық қысымды төмендетеміз, өндіріс тиімділігін арттырамыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз және инвестиция тартуға жол ашамыз.

- Бұл жобаны ТМК-дегі қолданбалы ғылымның қалай іске асуы тиіс екенінің үлгісі деп бағалауға бола ма?

- Әрине. Мұнда іс жүзінде қолданылмай, қағазда ғана қалатын теориялық есептер емес, өндірісте іске қосылған нақты технология туралы сөз болып отыр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) өзі осылай жүзеге асуы қажет. Яғни өнеркәсіптің дамуына қызмет етіп, экономиканың ғылымға сүйенуін күшейтуі тиіс. Ғылым өндірістік үдерістің бір буынына айналғанда бизнес те, мемлекет те, қоғам да ұтады.

- Сіздің ойыңызша, мемлекет ТМК-ні дамытуда ҒЗТКЖ-ның рөлін қаншалықты ескеріп отыр?

- Өкінішке қарай, қазір ҒЗТКЖ-ның рөлі мен оны жүзеге асыру жолдары жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. Салалық ғылымды Білім және ғылым министрлігінің не Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қатаң бюрократиялық ережелеріне байлау ұсынылуда. Бұл – өнеркәсіпті стратегиялық басымдықтан айырумен бірдей. Оның үстіне бүгін сала тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де қиындыққа кезігіп отыр. Сапалы шикізат қоры азайып, өндіру шығыны артып келеді. Компаниялар күрделі геологиялық жағдайда жұмыс істеп, бұрынғы қалдықтарды қайта өңдеуге мәжбүр. Сонымен бірге "таза" технология енгізу, қауіпсіздікті күшейту, техногендік жүктемені азайту қажет. Яғни кез келген жоба барған сайын қымбаттап барады, ал ғылыми шешімсіз бұл шығындарды қысқарту мүмкін емес.

Қолданбалы салалық ғылым осындай жағдайда алға жылжудың жалғыз жолы болып тұр. Жаңа технологиялар өндірістің өзінде, яғни шахтада немесе цехта сынақтан өткенде, олар бірден шығынды азайтып, өнімділікті арттырып, экологияға да тиімдірек болады.

- Демек, флотациялық учаскенің іске қосылуы бір ғана компанияның жетістігі емес, жалпы Қазақстанда ғылымның өндірістегі орны қандай болуы керектігін көрсететін үлгі ме?

- Дәл солай. Бұл жоба ғылым мен өндірістің тікелей байланысы әлемдік деңгейдегі нәтижеге жеткізетінін көрсетті. Қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелердің өмірден алшақ еместігін, нақты экономикаға, экологияға және әлеуметтік салаға әсер ететіні айқындалды. Мұндай жобалар елдің жаңа бағытпен, оның ішінде инновацияға, бәсекеге қабілеттілікке және тұрақтылыққа сүйеніп даму мүмкіндігін көрсетеді. Сондықтан ҒЗТКЖ-ға бизнес те, мемлекет те болашақтың стратегиялық ресурсы ретінде қарауы тиіс.

- Әңгімеңізге рақмет!

Гүлнара Бижанова: Қолданбалы ғылым – ТМК-дегі сын-қатерлерді жаңа мүмкіндіктерге айналдырады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.