Астанада тұрғын үй қасбетінің құлауы: адамдарды құтқармақ болған фельдшер өте ауыр жарақат алды
Опубликовано:
Читать на русском
Астанада тоғыз қабатты үйдің қасбетінің опырылуына қатысты тың мәліметтер белгілі болды – жедел жәрдем фельдшері оқиға орнында өте ауыр жарақат алған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлауының салдарынан зардап шеккен 5 адам 8 қарашада №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
"9 қарашадағы жағдай бойынша екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Үш науқас бейінді бөлімшелерде ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің екеуі еңбек міндеттерін орындау барысында жарақат алған фельдшерлер екенін хабарлаймыз.
Жансақтау бөлімінде жатқан фельдшердің жағдайы өте ауыр. Екінші фельдшердің жағдайы – орташа, ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Барлық пациент дәрігерлердің бақылауында, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік әлеуметтік желіде тараған "фельдшерлердің алған жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын ескертті.
"Аталған оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелген. Сонымен қатар жарақат алу фактісі бойынша қалалық Полиция департаменті сотқа дейін тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторы тергеу жүргізіп жатыр", - деп қосты әкімдік өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада тоғыз қабатты үйдің сыртқы қаптамасы құлап, салдарынан бес адам жарақаттанғанын хабарлаған болатынбыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2306721-astanada-turgyn-ui-qasbetining-qulauy-adamdardy-qutqarmaq-bolgan-feldsher-ote-auyr-zharaqat-aldy/