1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламаға қатысты өзгеріс енгізілді
Опубликовано:
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарды телефон алаяқтарынан қорғауды күшейту бойынша шаралар қабылдап жатыр. Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, бұған дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен сервистерге кіру бір реттік код арқылы ғана жүргізілген.
Салдарынан алаяқтар айласын асырып, "жәбірленушінің" телефон нөмірін енгізіп, 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіп отырған.
Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің иелеріне 1414 нөмірінен SMS жіберу тетігін қолдану үшін қолжетімділік талаптарын күшейту тапсырылған.
"Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалады және тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе арнайы QR-код (eGov QR) арқылы ғана мүмкін болады.
Осы жылдың желтоқсан айынан бастап жоғарыда көрсетілген міндетті талаптарды енгізбеген ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.
ЖИЦДМ барлық мемлекеттік органмен бірлесіп, алаяқтыққа қарсы күрес және қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын еске салды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2319011-1414-nomirinen-keletin-sms-habarlamaga-qatysty-ozgeris-engizildi/