Соңғы үш жылда Тараздағы 474 көшеге асфальт төселді
Опубликовано:
Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да, жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков өз қызметіне кірісе сала жолдардың жағдайына ерекше екпін түсіргені белгілі. Бұл мәселе қаланы өркендетуге бағытталған үш жылдық Даму жоспарында да айқын көрініс тапқан. Бүгін БАҚ өкілдерімен өткен брифингте шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков үш жылда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Мәселен 2023 жылы ұзындығы 87,5 шақырым болатын 147 көше орташа жөнделсе, оның ішінде 2 негізгі көше қайта жаңғыртудан өтті. Сондай-ақ былтыр ұзындығы 86,7 шақырым болатын 120 көше орташа жөндеуден өтсе, 2 үлкен көше қайта жаңғыртылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр.
Биыл 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өтті. Одан бөлек 2024-2025 жылдары "Құмшағал", "Шөлдала" тұрғын алқаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас жол салынды. Сонымен қатар ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолы төселді. Бұған қоса Рысбек батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, Қойгелді және Асқаров көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары әлі жүріп жатыр.
30 жылдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген "Бурыл А,Б,В" алқабындағы 75, "Барысхан" алқабындағы 24 көшеге асфальт жабындысы төселіп, жұмыстар толығымен аяқталды. Жалпы соңғы үш жылда бұрылыс, тұйықтарды есептегенде қалада 474 көшеге асфальт төселіп, ауқымды жұмыстар атқарылды.
"Осы ілкімді істерді келер жылы да тоқтатпай, 28 саяжай арқылы өтетін орталық көшені қалаға батыстан кіре беріс көшені және Жауғаш батыр көшесін қайта жаңғыртудан өткізуді көздеп отырмыз", - деген Бақытжан Әмірбекұлы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 58,6 пайыздан 74,5 пайызға дейін артатынын баса атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2319584-songgy-ush-zhylda-tarazdagy-474-koshege-asfalt-toseldi/