2027 жылдан бастап елімізде балабақшалар мен мектептерге лицензия алу міндетті болады
Опубликовано:
2027 жылдан бастап балабақшалар лицензияланады. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекованың айтуынша, бұл мәселе министрліктің жеке бақылауында. Жергілікті атқарушы органдармен қажетті жұмыстар жүргізілуде.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіпкер балабақша ашқанда жергілікті атқарушы органдар мен министрліктің аумақтық департаменттеріне хабарлауға тиіс. Қазіргі уақытта сапаны арттыру мақсатында балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтілуде, және заңға тиісті өзгерістер енгізілген.
"Мектеп болсын, балабақша болсын, қазір лицензиялау енгізілді. Әрбір мектеп пен балабақша ғимаратына, педагогикалық әлеуетіне, бағдарламаларына, материалдық-техникалық базасына және инфрақұрылымына талаптар қойылған. Бұл ереже бекітілді. Заң 2024 жылы күшіне енді. 2025–2026 жылдары балабақшаларды осы талаптарға сәйкес келтіру үшін дайындық жүргізуге уақыт берілді. 2027 жылдың қаңтарынан бастап балабақшалар меншік нысанына қарамастан лицензияланатын болады", - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2319593-2027-zhyldan-bastap-elimizde-balabaqshalar-men-mektepterge-litsenziia-alu-mindetti-bolady/