Алматы полициясы күшейтілген тәртіппен қызмет етуге көшті
Опубликовано:
Алматыда келе жатқан мереке күндеріне байланысты полиция күшейтілген қызмет тәртібіне көшті, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бүгін Алматыда қалалық полиция департаменті бастығы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен кешенді полиция күштерінің біріккен саптық таралымы өтті.
Іс-шара мереке кезінде қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында полицияның қызметін күшейтілген тәртіпке көшіру аясында ұйымдастырылды.
Арыстанғани Заппаров жеке құрамға басты міндеттерді айқындап берді: қоғамдық тәртіпті сақтау, алдын алу шараларын күшейту және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету. Әсіресе халық көп шоғырланатын орындарды патрульдеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ альтернативті көліктерді пайдалану кезінде ережелердің сақталуын бақылау бағыттарына ерекше назар аударылды.
"Біз мереке күндері тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызметті күшейтілген тәртіпте атқаруға көштік. Полицияның негізгі мақсаты – заң және тәртіп. Әр қызметкер өз міндетін жауапкершілікпен, мұқият әрі принципті түрде орындауға тиіс. Сіздердің жұмыстарыңыздың арқасында азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, жолы кесіледі", - деді Арыстанғани Заппаров.
Қалада "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шара басталды. Оның аясында жаяу және автопатрульдер күшейтілді, кинологиялық қызмет мамандары, учаскелік полиция пункттері, құқық қорғау бөлімдері және жедел қызметтердің бөлімшелері жұмылдырылды. Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, абай болуға және кез келген құқық бұзушылық немесе күдікті жағдай туралы дереу хабарлауға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2320118-almaty-politsiiasy-kusheitilgen-tartippen-qyzmet-etuge-koshti/