Атырау облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты жедел штаб құрылды
Опубликовано:
Читать на русском
Атырау облысында ауа райы күрт нашарлауына байланысты облыс әкімі төрағалық ететін жедел штаб құрылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әкімдікке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 14 желтоқсанға қараған түнде Атырай облысында ауа райы күрт нашарлап, циклон жүріп өткен.
Метеорологиялық қызмет мамандарының мәліметінше, желдің екпіні секундына 25 метрден асып, боран соғып, көктайғақ түзілген. Бұл – жол қозғалысын қауіпті ететін жағдай.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 14 желтоқсанда республикалық маңызы бар мына автокөлік жолдарының учаскелерінде жүк, қоғамдық және барлық көлік түрінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді:
- Атырау – Орал
- Атырау – Ақтөбе
- Атырау – Доссор – Бейнеу
Атырау облысының полиция департаменті жүргізушілерді алыс жолға шықпауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырды.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға мүмкіндігінше үйде болуға, терезелер мен есіктерді мықтап жабуға, балкон мен ауладағы заттарды жинастырып қоюға кеңес беріп отыр. Сондай-ақ ағаш, электр желілері, жарнама конструкциялары және әлсіз бекітілген нысандар маңынан аулақ жүру қажет. Автокөліктерді ағаштардың астына, жарық бағандарының жанына қоюға болмайды.
Желдің салдарын жоюға облыс аумағында "Атырау Жарық" АҚ-ның 25-тен астам апаттық-қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылды.
"Атырау облысының әкімі төрағалық ететін барлық қызметтің жұмысын үйлестіруге арналған жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар мен аудандық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр", - деп қосты Атырай облысы әкімдігінің өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2320518-atyrau-oblysynda-aua-raiynyng-kurt-nasharlauyna-bailanysty-zhedel-shtab-quryldy/