Сенатта ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты заңға енгізілген түзетулер мақұлданды
Опубликовано:
Читать на русском
Сенат ЛГБТ насихатын қамтитын құқыққа қайшы контентті таратуды шектеу туралы түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы " заңға жаңа пункт қосылды. Онда: "Жас ұрпақты дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынас пен педофилияны насихаттаудан қорғау" деп жазылған.
Депутат Руслан Рүстемов атап өткендей, ЛГБТ насихатына толық тыйым салу туралы петиция шешімін жүзеге асыру үшін дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынас пен педофилияны насихаттауда БАҚ, әдебиет, ойын-сауық және басқа да шараларды пайдалануға тыйым салу бойынша түзетулер енгізіледі.
"Педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынасты насихаттау түсінігі "Бала құқықтары туралы" заңға енгізіледі. Халықаралық тәжірибені талдасақ, көптеген елде дәстүрлі отбасы институтын қоса алғанда, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді қорғайтын заңнама қабылданғанын көреміз. Осы заң қабылданса, оның теріс әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды", - деп түйіндеді сөзін депутат.
Сенат депутаттары заңға енгізілген осы түзетулерді мақұлдап дауыс берді. Құжат енді президентке қол қоюға жіберіледі.
Бұған дейін мәжіліс педофилия мен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды мақұлдап, сенатқа жолдаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, қазанның соңында депутат Ирина Смирнова мәжіліс кулуарында ЛГБТ насихатының элементтері бар материалдарды таратуға шектеу қоюға қатысты жаңа ережені туралы айтқан болатын.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салумен шектелмей, ол үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2322081-senatta-lgbt-nasihatyna-tyiym-saluga-qatysty-zangga-engizilgen-tuzetuler-maquldandy/