Астанада көктайғаққа байланысты қоғамдық көлік қозғалысы қиындады
Опубликовано:
Астанада күн райының күрт бұзылуына байланысты қоғамдық көлік қозғалысы қиындады. Қала маңына қатынайтын автобустар тоқтатылды, деп хабарлайды City Transportation Systems-қа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
City Transportation Systems тасымалдаушы компанияның мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, жаңбыр) жолдарда қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығы төмендеген. Кестеден ауытқулар байқалады, кейбір аялдамаларға кіру мүмкіндігі жоқ.
"Жолаушылардан өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Мұқият болыңыздар: жол жиегінде тұрмаңыздар, автобус толық тоқтағаннан кейін ғана жақындаңыз, сапар барысында тұтқалардан ұстап тұрыңыз, автобусқа отыру/түсу кезінде абай болыңыздар", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ CTS барлық қала маңы бағдарларының қозғалысы уақытша тоқтатылғанын хабардар етті.
"Қоғамдық көліктің жұмысына қатысты өзгерістер CTS әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында жарияланады. Автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде Avtobys мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады", - деп еске салды компания өкілдері.
Айта кетелік, бұған дейін Астанада түнде жауын-шашын түсіп, күн райының күрт бұзылуына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін жазған едік.
Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды – Астана бағытындағы республикалық маңызы бар автожол да уақытша жабылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2326799-astanada-koktaigaqqa-bailanysty-qogamdyq-kolik-qozgalysy-qiyndady/