"Бүгін қызметіме кірістім": Алматы полициясының жаңа бастығы тұрғындарға үндеу жасады
Опубликовано:
Жақында Алматы полиция департаментінің бастығы болып тағайындалған полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов алматылықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды қалалық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, Алматы – кәсіби тұрғыда қалыптасқан, қызмет жолының маңызды бөлігі өткен қала.
"Бүгін Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы қызметіне кірістім. Бұл мегаполис әрдайым ашықтығымен, белсенді азаматтық ұстанымымен және әділдікке деген талабы жоғары тұрғындарымен ерекшеленеді. Алматылықтар – бейжай қарамайтын, талап ете білетін, бірге жұмыс істеуге дайын халық", - деп атап өтті полиция бастығы.
Айдын Тоқтарұлы алдыңғы басшылыққа және жеке құрамға атқарған еңбектері үшін алғыс айтты.
"Қазіргі қоғамдық тәртіп саласындағы көптеген нәтиже – сол жүйелі еңбектің жемісі. Менің міндетім – бар жақсыны сақтап, тиімді бағыттарды күшейту", - деді полиция генерал-майоры.
ПД бастығы бүгінде мемлекет басшысы жариялаған "Заң мен тәртіп" қағидаты ел бойынша жүзеге асырылып жатқанын, бұл ішкі істер органдары үшін күнделікті қызметтің басты бағыты екенін айтты.
"Бұл қылмысқа қарсы күресте тек жауап берумен шектелмей, алдын алу, түсіндіру, халықпен тікелей жұмыс істеуге басымдық берілетінін білдіреді.
Қауіпсіздік диалогсыз болмайды. Полиция, тұрғындар, журналистер, қоғам – бәріміздің мақсатымыз ортақ: тыныш, қауіпсіз, сенімді қала. Ашық жұмысқа, өзара сенімге және бірлескен әрекетке дайынмын", - деп түйіндеді Айдын Қабдұлдинов.
Естеріңізге сала кетейік, Айдын Қабдұлдинов Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы болып 9 қаңтарда тағайындалды.
Сол күні бірнеше облыстағы полиция департаментінің басшылары ауысты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2330571-bugin-qyzmetime-kiristim-almaty-politsiiasynyng-zhanga-bastygy-turgyndarga-undeu-zhasady/