Әкесін ұрып-соққан түркістандыққа кесілген үкімге қатысты прокуратура наразылық білдірді
Опубликовано:
Шардара ауданы Қоссейіт ауылында әкесін ұрып-соғып, азаптаған 41 жастағы Алмас Садақбаев 5 жылға сотталған болатын. Алайда бұл үкімге облыстық прокуратура шағым түсірген, деп хабарлайды kazinform.
Сот оны "Қинау" және "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" баптарымен кінәлі деп таныған. Түркістан облыстық прокуратурасының хабарлауынша, сотталған азаматқа қатысты шығарылған үкімге апелляциялық наразылық жолданған.
"Түркістан облысында Жетісай аудандық сотының 2026 жылғы 16 қаңтардағы үкімімен әкесін жүйелі түрде ұрып-соғып келген ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен келіспеген Шардара ауданының прокуратурасы жазаны қатаңдату туралы өтінішхатпен апелляциялық наразылық келтірді", - деп мәлімдеді облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйекте әлеуметік желіде Түркістан облысында ер адамның әкесін аяусыз қорлап, балағаттап, ұрып-соққан видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Көп ұзамай күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Кейінірек күдікке ілінген ер адамның әйеліне де қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ күдіктінің мешітте қызмет ететіні туралы ақпарат тарады, алайда Түркістан облысының бас имамы ресми мәлімдеме жасап, ақпаратты жоққа шығарды.
16 қаңтарда Түркістан облысында егде жастағы әкесін ұрып-соққан ер адамға қатысты сот үкімі шықты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2335011-prokuratura-akesin-uryp-oltirgen-shardaralyqtyng-ukimine-narazylyq-bildirdi/