"Заңсыз әрекеттерді тоқтаттым": Сәпиев орынбасарымен болған жанжалға қатысты мәлімдеме жасады
Опубликовано:
Читать на русском
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалдың себебін айтып, мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Олимпиада чемпионы Instagram-дағы парақшасында арнайы бейнежазба жариялап, алдымен өзіне қолдау көрсеткен барша жанға алғысын айтты.
"Құрметті қазақстандықтар! Ең алдымен, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Халықтың қолдауы – мен үшін ең үлкен құндылық.
Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді.
Ашық мәлімдеймін: мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды. Барлықтарыңызға рақмет! Қазақтың күші – бірлікте!" - деді Серік Сәпиев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында төбелес болып, Сәпиевтің дене жарақатын алғаны туралы ақпарат тараған еді.
Полиция 42 жастағы Қарағанды тұрғынының шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлім етті.
Кейінірек әлеуметтік желіде Сәпиев пен орынбасарының арасында болған жанжалдың видеосы тарады.
Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері пікір білдірді.
Сонымен қатар бұл оқиға бойынша Астана дзюдо федерациясының президенті Айдар Махметов пікір білдіріп, ешкім ешкімді ұрмағанын және жанжалдың неден туындауы мүмкін екенін айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2335519-zangsyz-rotatsiialauga-areket-zhasaldy-sapiev-orynbasarymen-bolgan-zhanzhalga-qatysty-malimdeme-zhasady/