14 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу: Оқу-ағарту министрлігінде жұмыс тобы құрылды
Опубликовано:
Читать на русском
Оқу-ағарту министрі үкіметтегі брифингте 14 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу туралы депутаттардың ұсынысына қатысты cұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Бұл – өзекті мәселе. Қазір біз шектеуге қатысты бірнеше ұсынысты қарастырып жатырмыз. Оқу-ағарту министрлігінде жұмыс тобы құрылды. Иә, балаларды құқыққа қайшы контенттен қорғаудың тәсілдері бар. Тіпті көптеген елдер бұл тәсілдерді заңдастырды.
Сондықтан бұл мәселе ашық және қоғаммен, соның ішінде ата-аналар қауымдастығымен және мұғалімдермен талқыланады", - деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Ол мәселені шешудің бірінші жолы – балаларға арналған SIM-карталарды тіркеу екенін алға тартты.
"Екінші тәсіл – 14 жасқа толмаған балалар көретін контентті өзіміз көре алатындай ету. Үшіншіден, мектепте қазір цифрлық білім беретін пәндер, оның ішінде медиа сауаттылық та бар. Сол сабақ аясында біз балалардың цифрлық сауаттылығын қамтамасыз ету тәсілдерін белгілеп көрсетеміз.
Балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қою мәселесін медиақауымдастықпен және ата-аналар қауымдастығымен талқылау қажет болады", - деді министр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2336173-14-zhasqa-deiingi-balalardyng-aleumettik-zhelini-paidalanuyn-shekteu-oqu-agartu-ministrliginde-zhumys-toby-quryldy/