jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
18+
Гүлмира Ерубаева
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың қазасы: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

әскери қызметші
Әскери қызметші. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қорғаныс министрлігі жыл басынан бергі әскери қызметшілердің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтады.

Қарулы күштердің басшылығы болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінеді. Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды", - делінген хабарламада.

Болған барлық оқиға бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданған.

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды", - делінген хабарламада.

Министрлік қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған мынадай шаралар кешенін қабылдаған.

  1. Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілген. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылған.
  2. Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілген. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізіліп жатыр.
  3. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылған. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
  4. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылған. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілген.
  5. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданған.
  6. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

"Қабылданып жатқан барлық шара ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтарда Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметтегі тағы бір сарбаздың қаза тапқаны белгілі болды.

Бұған дейін 23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші қаза болған еді.

Сондай-ақ 6 қаңтарда Шымкенттегі ауруханаларының бірінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз көз жұмған болатын.

Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың қазасы: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.