"Қателігін жасыру үшін ота жасаған": жас босанған ана дәрігерлердің салғыртығын айтып, шағымданды
Опубликовано:
Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны босанғаннан кейін ауыр физиологиялық асқынуға ұшырап, дәрігерлер салғырттық танытқанын айтып, шағымданды. Ол "дәрігерлер өрескел қателік жіберіп, диагнозымды жасырып келген" деп мәлімдеді. Бұл туралы Almaty.tv хабарлайды.
28 жастағы Аида Асланова үшінші сәбиін Іле ауданының орталық ауруханасының перзентханасында дүниеге әкелген. Нәрестенің салмағы 4 келі 600 грамм болған. Дәрігерлер әйелді табиғи жолмен босандырған. Үш күннен кейін сіздің жатырыңызға аздап зақым келген деп, келіншекті перзентханадан шығарған. Алайда үйіне келген соң жас ана ішкі ағзасының зақымданып, табиғи физиологиялық қызметі бұзылғанын байқаған. Нақтырақ айтқанда, босану кезінде ішкі жарақат салдарынан тік ішек пен қынап аралығында патологиялық өзек пайда болған.
"ДФМК тексеріс келді. Тексерді, қателікті тапты. Мені босандырған кезде аралық жыртылған. Жарық бар деп айтып, қателігін жасыру үшін ота жасаған. Салдарынан үлкен дәрет шығып тұр", - деді жәбірленуші Аида Асланова.
Жағдайы күрт нашарлаған келіншек ауруханаға екінші рет келген. Дәрігерлер бірден ота жасаймыз деп ескертіпті. Туыстарының сөзінше, операцияны бейінді хирург-проктолог емес, гинеколог жүргізген. Бұған қоса, медициналық құжаттарда операцияның жасалғаны көрсетілмеген, яғни тек ем-дом қабылдады деп рәсімделген. Кейін отбасы Алматыдағы жеке клиника мамандарына жүгініпті. Ондағы дәрігерлер жасалған отадан жарақаттың толық қалпына келмегенін айтқан. Салдарынан әйелдің жүріп-тұруы қиындаған көрінеді.
"Мен өз құлағыммен естідім, бас дәрігердің орынбасары "Сізге операция жасалды деген қорытындыны бере алмаймыз" деді. Мен оларға "Қалай бере алмайсыздар? Ертең жағдайы нашарлап, ауруханаға барса ше? Қолында операция жасалғаны туралы құжат болмаса, қалай дәлелдейді?" дедім. Содан кейін бәрі ушығып, біз сотқа жүгіндік. Бірақ сот ісі де созбалаңға салынып жатыр. Сараптамалар әлі алынбады. Олар құжаттарды қолдан жасап отыр, өйткені келініме 1414-тен басқа диагнозбен тіркелгені туралы анықтама келді", - деді жәбірленушінің енесі Гүлзира Жүлсейітова.
Аурухана әкімшілігі болса, дәрігерлерден қателік кетпегенін айтады.
"273-бабына сәйкес, науқас туралы ақпаратты беруге құқығымыз жоқ. Науқасқа қатысты барлық хаттама тәуелсіз экспертизаға жолданды және тәуелсіз экспертиза ұйымдастырылып жатыр. Іле аудандық ауруханасының қабырғасында емдік протоколдарға сәйкес, бәрі дұрыс жасалды деп санаймыз", - деді "Іле аудандық орталық ауруханасы" МКК директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Еңлік Оспанова.
Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
"Медициналық қызметкердің кәсіби міндетрін тиісінше орындамау фактісі бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Қазіргі уақытта медициналық құжаттарды алу, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салу арқылы барлық қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүзеге асырылуда", - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Ал ағзасы зақымданған келіншекті алда тағы бір ота күтіп тұр. Бірақ жағдайына байланысты оны тек 6 айдан кейін жасауға болады. Алдын ала есеп бойынша операция құны шамамен 1,5 миллион теңге. Үш баланың анасы еңбекке жарамсыз күйде. Ал отбасы ана денсаулығы қалпына келіп, кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттеніп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2337843-qateligin-zhasyru-ushin-ota-zhasagan-zhas-bosangan-ana-darigerlerding-salgyrtygyn-aityp-shagymdandy/