"Шетелдіктерге жер сату": желіде жаңа Конституция жобасының мәтініне қатысты фейк тарады
Опубликовано:
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы жаңа Конституциясы жобасының мәтініне қатысты жалған ақпарат тарағанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Орталықтың мәліметінше, ҚР Конституциясы жобасының мәтінінде шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алып тасталды деген жалған ақпарат таралған. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және фактілерді бұрмалау болып табылады.
"Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 6-бабы 3-тармағына сәйкес "жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар" жөніндегі тұжырым Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасындағы тұжырыммен бірдей болып табылады және қандай да бір өзгерістерге ұшыраған жоқ.
Қосымша атап өтеміз, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия аталған нормалар өзгеріссіз қалуға тиіс екенін растады.
Бұдан бөлек, егер бұрын мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы мәселелеріне қатысты ережелер қорытынды және өтпелі қағидаларда қамтылған болса, жаңа Конституция жобасында олар конституциялық құрылыстың негіздері ретінде бастапқы тарауларда бекітілген. Бұл мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен базалық қағидаттарының өзгермейтіндігіне берілетін құқықтық кепілдіктерді едәуір күшейтеді.
Осылайша, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салудың күшін жою туралы мәлімдемелердің құқықтық негізі жоқ және азаматтарды жаңылыстырады", - делінген хабарламада.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы фактілерді әдейі бұрмалау және манипуляциялық ақпаратты тарату құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады және азаматтар мен медиа қауымдастық өкілдерін мәліметтерді ресми дереккөздерден тексеруге, сондай-ақ деструктивті және манипуляциялық түсіндірмелердің таралуына жол бермеуге шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2338047-sheteldikterge-zher-satu-zhelide-zhanga-konstitutsiia-zhobasynyng-matinine-qatysty-feik-tarady/