Атырау облысында көктайғақтан жылқылар қырылды
Опубликовано:
Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылында 50-ден аса жылқы өліп қалды. Қаңтарда жаңбырдан кейін қар жауып, жердің беті мұздақ болып қалған. Түзде жайылған түліктің өліміне осы жағдай себеп. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
Аудандық әкімдік берген ресми ақпаратқа сүйенсек, округтегі учаскелік ветеринар дәрігерлермен акт жасақталып, жылқылардың өлексесі ресми тіркелмеген.
"Аудан әкімдігі арнайы техникалар арқылы мал азығын тасымалдау жұмыстарын жүргізу үшін өндірістік кәсіпорындармен сөйлесіп жатыр. Мал бағып отырған азаматтардың арасынан қажетті мал азығын сатып алу үшін оператор тағайындау арқылы бұл жұмысты жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақты бақылау жүргізілуде", - деді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов.
Осы ауданға қарасты Зинеден ауылында қазір 65 ірі қара ауырып тұр. Шаруашылықтардағы мүйізді ірі қара арасында жұқпалы ауру белгілері байқалып, ауырып тұрған малдардан сынамалар алынған. Кейін Астана қаласындағы "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы" РМК зертханасына жолданған.
Нәтижесінде сиырлардан диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталды. Ветеринарлардың сөзінше, бүгінде бұл ауылда мал өлімі тіркелмеді, елдімекенге малды алып келуге және кетуге тыйым салынған.
"Осыған байланысты Исатай аудандық аумақтық инспекция басшысының ұсынысымен Зинеден ауылдық округі әкімі шешімімен ауылдық округ аумағына шектеу іс-шаралары белгіленді. Ошақ аумағында "Республикалық эпизоотияға қарсы отряд" РММ Атыраудағы мамандары аула-қораларды дезинфекциялап жатыр. Сонымен қатар "Республикалық эпизоотияға қарсы отряд" мекемесі, аудандық аумақтық инспекция, ветеринариялық станса мекемесі мамандары ауыл тұрғындарымен кездесіп, қазіргі эпизоотиялық жағдай, қабылданып жатқан шаралар және сақтық талаптары туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді", - деді Исатай аудандық ветеринария стансасының басшысы Асыланбек Шәріпов.
Мамандардың айтуынша, ауру малдар ем қабылдап жатыр, жағдайлары бақылауда. Ауру қоздырғыш ауа арқылы, жанасу жолымен немесе азық-шөп арқылы таралуы мүмкін. Залалсыздандыруға арналған препараттар — тегін, ал симптоматикалық емдеуге қажетті дәрі-дәрмектерді мал иелері өз қаражаты есебінен сатып алуда.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2339196-atyrau-oblysynda-koktaigaqtan-zhylqylar-qyryldy/