Шымкентте кәсіпкер бопса мен зорлықтың құрбаны болғанын айтты
Опубликовано:
Шымкенттік кәсіпкер журналист Руслан Өтепбайдың Youtube арнасына берген сұхбатында өзін жергілікті тұрғындардың бірі бопсалап, қаржысы мен дүние-мүлкін тартып алғанын айтты. Бұл туралы informburo.kz жазады.
Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғындардың бірі өзінен қомақты қаражатты тартып алғанын айтып, шағымданды.
Оның түсіндіруінше, кәсіп бастаған тұста ол танысынан жанар-жағармай үшін 3 миллион теңге көлемінде қарыз алған. Алайда оны қайтару кезінде бірнеше адам келіп, одан 33 миллион теңге талап етіп, бопсалау, ұрлап әкету және күш қолдану арқылы аталған мөлшердегі ақшасын тартып алғанын мәлімдеді.
"Мені ұрлап әкетіп, бес күн бойы байланыссыз қамап тастаған кездер болды. Сондықтан мен амалсыз, жанымның тыныштығы үшін ақша беріп, құтылуыма тура келді. Оған қоса базаға қарауыл, монша жағушы ретінде пайдаланды. Екі жылдай уақыт құлдықта болдым. Қашқан кездер де болды. Бірақ, отбасының амандығы үшін көнуге тура келді. Бірақ, әрбір таяқ жегенімнің куәгерлері бар. Менің өзімен бөлек, жұбайыма, балама да қоқан-лоқы көрсетті", – деді Бақыт Қалмен.
2025 жылы кәсіпкер шілдеде құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Кәсіпкер бұл ретте 33 миллион теңгеден бөлек, Ravon R3 автокөлігі де, жұбайының атындағы екі бөлмелі пәтер де күш қолдану арқылы тартып алынғанын айтты. Осылайша, ол жалпы шығынын 73 миллион теңгеге бағалап отыр.
Кәсіпкер бұл деректер бойынша өзін бопсалаушыларды сотқа бергенімен, сот шешімі бойынша олардың ақталып шыққанына наразы.
Ал Шымкент қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі аталған іс бойынша сот шешімі шығып қойғанын жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2339640-shymkentte-kasipker-bopsa-men-zorlyqtyng-qurbany-bolganyn-aitty/