"Астана – Павлодар" автожолында жылдамдық режимі уақытша төмендетіледі
Опубликовано:
9 ақпаннан бастап "Астана – Павлодар" автомобиль жолында жылдамдық режимі уақытша төмендетіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "ҚазАвтоЖол" компаниясына сілтеме жасап.
Ұлттық компания мәліметінше, Ішкі істер министрлігі қыс мезгіліндегі ауа райының қолайсыздығына және жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдық режимін уақытша төмендету туралы шешім қабылдады.
Шешімге сәйкес, 2026 жылғы 9 ақпанда сағат 00:00-ден бастап "Астана – Павлодар" автомобиль жолында көлік құралдары үшін белгіленген ең жоғары жылдамдық 140 км/сағаттан 110 км/сағатқа дейін төмендетіледі. Бұл шектеу уақытша қысқы кезеңде қолданылады.
"Қабылданған шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, апаттылық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ көктайғақ, қар басу және көріну деңгейінің төмендеуі сияқты қолайсыз метеорологиялық факторлардан туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған", - дейді жол мамандары.
Көктемгі-жазғы кезең басталғаннан кейін жолдың техникалық және климаттық жағдайына қарай бұрын белгіленген жылдамдық режимін қалпына келтіру жоспарланып отыр.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін, жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ қыс мезгілінде жолда аса мұқият болуға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2339781-astana-pavlodar-avtozholynda-zhyldamdyq-rezhimi-uaqytsha-tomendetiledi/