jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

Алматы маңында адамдардың көзіне түскен қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды

ілбіс
Ілбіс. Фото: Орман шаруашылығы комитетінің ресми сайты

Жақында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Үлкен Алматы шатқалында автожолға жақын маңда жүрген қар барысы адамдардың көзіне түскен еді. Ақпарат желіде лезде тарап келесі күні бұл жерге келушілер көбейген. Қар барысын қорғау және жағымсыз салдардың алдын алу мақсатында жануарға спутниктік қарғыбау орнатылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдардың түсіндіргеніне қарамастан, көп адам жабайы аңға тым жақын дрон ұшырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жүріс-тұрыс қағидаларын бұзған.

Мамандардың айтуынша, көпшілік оның Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін жануар екенін және өз олжасын қорғап тұрған қауіпті жыртқыш екенін ескермеді. Мұндай әрекет жануар үшін де күйзеліс әрі адамдардың қауіпсіздігіне де қатер келтіреді.

"Қар барысын қорғау мақсатында және одан келетін қатердің алдын алу мақсатында мамандар ілбісті уақытша аулау туралы шешім қабылдады. Жануарға спутниктік қарғыбау орнатылып, денсаулық жағдайын бағалау үшін қажетті биоматериалдар алынды. Барлық рәсімдерді кәсіби мамандар қысқа мерзімді наркозбен халықаралық ветеринариялық және этикалық стандарттарды қатаң сақтай отырып жүргізді", - делінген хабарламада.

Спутниктік қарғыбау Зоология институтының мамандарының, Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің, Алматы зообағының және Snow Leopard Foundation қоры сарапшыларының қатысуымен орнатылды.

Спутниктік қарғыбау мынадай мүмкіндіктер береді:

  • Алматы қаласы сияқты ірі елді мекенге жақын аумақта қар барысының қозғалысын бақылау;
  • жануар қауіпті аймаққа жақындаған жағдайда жедел әрекет ету;
  • адам мен жабайы табиғат арасындағы қақтығыстардың алдын алу;
  • сирек кездесетін жыртқышты қосымша қорғау.

Айта кету керек, орнатылған қарғыбау төтенше жағдай анықталған жағдайда қашықтан ажырату функциясымен жабдықталған. Сонымен қатар автоматты түрде босау механизмі бар: бір-екі жыл ішінде қарғыбау жануардан өздігінен ажырайды.

Зертханалық талдау нәтижелері бойынша қар барысының толықтай сау екені және ешқандай ауруға шалдықпағаны анықталды. Қазіргі уақытта жыртқыш аталған аумақтан қауіпсіз түрде кетіп, өзіне тән табиғи қозғалысын жалғастыруда. Дегенмен бұл оқиғаға деген қызығушылық әлі де бар.

Осыған байланысты мамандар адамдарды таулы аймақтарда белгіленген ережелерді сақтауға, жабайы табиғатты құрметтеуге және адам қауіпсіздігі мен сирек кездесетін түрлерді сақтау әрқайсымыздың жауапкершілігімізге тікелей байланысты екенін ұмытпауға шақырады.

Алматы маңында адамдардың көзіне түскен қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.