jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

"Ақталуға негіз жоқ": ішкі істер министрі Шымкент полиция департаментін қатаң сынға алды

Ержан Сәденов
Ержан Сәденов. Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізіп, ведомствоны қатаң сынға алды, деп хабарлайды ІІМ-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының жазуынша, кеңеске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан.

Министр департаменттің жаңа басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап, мегаполистегі криминогендік жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірген.

ІІМ бұған дейін Ұлттық құрылтай барысында мемлекет басшысы Шымкенттегі соңғы оқиғаларға байланысты Ішкі істер министрлігіне бірқатар тапсырма бергенін еске салды.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін полиция департаментінің бастығы мен оның бірқатар орынбасары қызметтерінен босатылып, аудандық бөліністердің жекелеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылған.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ полиция қатарындағы тәртіпті нығайту болды.

Министр ең алдымен қызметтік тәртіп пен заңды сақтауға ерекше назар аударған. Жұмыстағы жүйелі кемшіліктерді көрсетіп, қылмыстарға уақтылы ден қою және сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу жөнінде қатаң ұстаным білдірген.

"Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді", - деді Ержан Сәденов.

Кеңесте кейінгі кезеңдегі жедел қызметтің қорытындылары қылмыстың әрбір түрі бойынша қаралып, олардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларға талдау жасалған.

Қылмыстық істерді тергеу сапасына ерекше көңіл бөлінген. Биыл резонанс тудырған оқиғалар бойынша тергеу іс-шараларының барысы туралы ақпарат тыңдалған.

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылауда. Министр тергеу-жедел бөліністеріне жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етуді тапсырып, барлық кінәлі тұлға заң негізінде әділ жазасын алуы тиіс екенін атап өткен.

Бұдан бөлек, ІІМ басшысы қылмыстық құқық бұзушылықтың жаңа құрамы ретінде сталкингке қарсы іс-қимыл мәселесіне арнайы тоқталған.

Бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу, тергеушілерді мұндай қылмыстарды тергеу тәжірибесіне оқыту және формализмге жол бермеу тапсырылған. Қысым көрсету, қорқыту және қудалаудың кез келген белгісі дер кезінде анықталып, салдары трагедияға айналмас үшін уақытылы құқықтық баға берілуі тиіс екені баса айтылған.

Кеңес барысында департамент басшылығы, салалық басқармалар мен полицияның аудандық бөліністерінің басшылары тыңдалған.

Кеңесте құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылған. Министр профилактикалық жұмысты жандандыруды, есепте тұрған тұлғаларға бақылауды күшейтуді, тәуекел топтарымен жұмысты арттыруды, қылмыстың алдын алу саласындағы түпкі нәтижелер үшін басшылардың жауапкершілігін көтеруді талап еткен.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының санын азайту бойынша кешенді шаралар қабылдауды, Жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтуді, сыртқы қызметтер мен жедел басқару орталығының жұмысын жетілдіруді, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді белсендірек енгізуді тапсырған.

Министрдің нұсқауымен қалалық полиция бөліністерінде ІІМ-нің кешенді инспекторлық тексерісі басталған. Комиссия құрамына орталық аппараттың негізгі қызметтерінің өкілдері енгізіліп, оларға департамент пен оның аудандық бөлімдерінің қызметін жан-жақты зерделеу, жіберілген бұзушылықтардың себептерін анықтау және оларды жою бойынша нақты ұсыныстар беру тапсырылған.

Жұмыс сапары аясында министр ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесіп, жас қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін қалыптастыруда және құқықтық тәртіпті нығайтуда тәлімгерлік институтының маңызын атап өткен.

"Ақталуға негіз жоқ": ішкі істер министрі Шымкент полиция департаментін қатаң сынға алды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.