FlyArystan Астанадан Грузияға жаңа әуе рейсін ашады
Опубликовано:
Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылдың жазында Астана – Батуми – Астана бағытында жаңа рейс ашады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Лоукостер мәліметінше, рейстер 2026 жылғы 2 маусымнан 29 тамызға дейін аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Астанадан ұшу – сейсенбі күндері сағат 05:45-те және сенбі күндері сағат 06:50-де, Батуми қаласынан кері рейстер – сейсенбі күндері сағат 10:00-де және сенбі күндері сағат 11:00-де орындалады.
Бір бағыттағы әуебилеттерінің құны 68 000 теңгеден басталады.
"Біз қазақстандықтардың халықаралық сапарларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын байқадық, осыған байланысты қолжетімді баға моделін сақтай отырып, бағыттар таңдауын кеңейтуге тырысып жатырмыз. Астана – Батуми бағыты бойынша рейстердің іске қосылуы Грузияға жазғы маусымда сапар мүмкіндіктерін кеңейтеді, ал Кутаиси FlyArystan-ның тұрақты бағыты болып қала береді. Маршруттық желіні қалыптастыру кезінде біз сұраныс пен маусымдық ерекшеліктерді ескереміз. Осы қағида аясында 2026 жылы Алматы – Самарқан және Тамшы (Ыстықкөл), Ақтаудан Бакуға, сондай-ақ Алматы және Астанадан Аланьяға (Газипаша) маусымдық рейстерді қайта іске қосу жоспарланды", - деді FlyArystan АҚ президенті Ричард Леджер.
Айта кетейік, Батуми – Қара теңіз жағалауындағы курорттық қала және Аджарияның әкімшілік орталығы. Қала өзінің жұмсақ климаты, бай тарихи мұрасы және алуан түрлі гастрономиясымен танымал, бұл ерекшеліктері арқылы қала жазғы демалыс үшін тартымды.
FlyArystan 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Грузияның "Туризм туралы" Заңына сәйкес ел аумағына кіретін барлық туристер міндетті түрде жарамды медициналық сақтандыру полисі мен жазатайым оқиғалардан сақтандыру полисін рәсімдеуге тиіс екенін еске салады.
Әуебилеттерін FlyArystan мобильді қосымшасында, www.flyarystan.com ресми сайтында, сондай-ақ басқа да қолжетімді сату арналарында сатып алуға болады. Әуекомпания билетті тиімді бағада алу үшін сапарды алдын ала жоспарлап, қосымша қызметтерді билет брондау кезеңінде рәсімдеуді ұсынады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2341200-flyarystan-astanadan-gruziiaga-zhanga-aue-reisin-ashady/