Тағы бір астаналық оқушы әлемнің жетекші оқу орындарынан тегін оқуға шақырту алды
Опубликовано:
Астаналық Ермұхамед Түктібай әлемнің үздік университеттерін тегін оқуға шақырту алды, деп хабарлайды елорда әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанадағы №9 "Зерде" мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Ермұхамед Түктібай бірден бірнеше беделді жоғары оқу орнының білім грантына ие болған.
Мысалы, Ермұхамедті QS әлемдік рейтингінде алдыңғы орындарда тұрған The University of Hong Kong (HKU) университеті "Машина жасау" мамандығы бойынша оқуға шақырған. Сонымен қатар The Hong Kong Polytechnic University және City University of Hong Kong университеттері оқу ақысы мен тұру шығындарын толық өтейтін гранттар ұсынған.
"Болашақ инженердің білім көрсеткіштері де таңғаларлық. Ермұхамед халықаралық емтихандарда үздік нәтиже көрсеткен: SAT – 1540 балл, оның ішінде математикадан – 790 балл, ал IELTS – 8.0, бұл ағылшын тілін еркін академиялық деңгейде меңгергенін дәлелдейді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ұпайлар әлемнің ең мықты университеттеріне еркін түсуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Ермұхамед – жас ғалым. Оның инженерлік жобалары материалдардың төзімділігін зерттеуге бағытталған: ол SolidWorks бағдарламасында тісті берілістерді өзі жобалап, оларды 3D-баспа арқылы жасап, түрлі полимерлердің тозу деңгейіне тәжірибелік сынақтар жүргізген.
Жас ғалым математика мен өнердің тоғысын да зерттеген. Ғылыми жобасы аясында Ермұхамед суретші М.К. Эшердің парадокстарын визуалды-математикалық тұрғыдан талдап, "мүмкін емес" фигура ретінде танымал Пенроуз үшбұрышының физикалық моделін құрастырған.
"Бұл жоба оның креативті ойлау қабілеті мен күрделі ғылыми ұғымдарды практикамен ұштастыра алатынын көрсетті", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін осы мектептің 11-сынып оқушысы Аяла Серікқызы әлемнің топ-10 университетінен ресми шақырту алған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2341323-tagy-bir-astanalyq-oqushy-alemning-zhetekshi-universitetterinen-tegin-oquga-shaqyrtu-aldy/