jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Атырауда мемекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген үйлер апатты деп танылды

Тұрғындар
Тұрғындар. Кадр: "Астана" арнасы

Атырау қаласының іргесіндегі Талқайран-2 ықшамауданында мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілгеніне 5-ақ жыл болған баспаналар қазірдің өзінде күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Сараптама қорытындысында ол үйлерді күрделі жөндеуге кететін шығын жаңа үй салғанмен пара-пар деген. Ал баспаналарды салған құрылыс компаниясы “банкрот” деп танылдық деп ақталуда. Қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп жатқан үй тұрғындары әкімдік мәселемізді шешіп, өтемақы төлесін деп бас көтерді.

"Талғайран-2" ықшамауданыда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен салынған 60 үй 2021 жылы пайдалануға берілген. Халық қоныс той жасамастан-ақ, құрылыстың сапасыз екенін білдік дейді. Бес жыл ішінде қабырғадағы жарық үлкейіп, шатыр құлап, адам өміріне қауіп төндіретіндей күйге түскен.

"Нұрлы жер" бағдарламасымен 2020 жылы осы үйді алдым. Алғаннан бастап ас үй мен залдың ортасындағы қабырға құлап қалды. Түгел. Ортасында ештеңемен ұстатпаған. 14 млн 364 мың ақша төледік. Мына үйді сатамын деп түгел жаптым. Себебі, тұру мүмкін болмады. Жарлар жарылып жатыр, іргетас төменге түсіп кеткен", - дейді тұрғын Алтын Демешова.

Мұндағы 60 үйдің 12-сі екі қабатты, 28-і бір қабатты, ал қалған 20 үй екі пәтерден тұрады. Құрылысты үш мердігер компания жүргізген. 14 үйді салған "АзияСтройСервис" компаниясы өздерін банкрот деп танылғанын айтып, қандай да бір жауапкершілікті алмайтынын ашық айтыпты. Жаңа баспана алдық деп қуанып, "Отбасы банкі" арқылы ипотекаға рәсімдеген жұрт енді несие мен сапасыз үйден құтыла алмай отыр.

"Кілтті құрылыс бөлімінен алдық, құжатты ЖКХ-дан алдық. Сосын әкімшілік. Біз үш мекемеден талап етеміз. Мамандар үй сүрілу керек деп шығарып берген. Тұруға болмайды. Іргетасынан бастап, шатырына дейін пайдасыз. Облыстың әкімі бақылауға аламыз деп айтқан. Шешіледі деген. Алайда шешіліп жатқан жоқ", - дейді тұрғын Жолмырза Қабдешев.

Тұрғындар қанша асықса да, әкімдіктегілер шыққан сараптама қорытындысымен әлі толықтай танысқан жоқпыз дейді. 14 үйдің иесімен жеке кездесіп, жиналыс өткіземіз деп отыр.

"Қазіргі қорытындыға байланысты бұл үйге толыққанды тұруға мүмкіндік жоқ. Тікелей сүрілу керек деген қорытынды жоқ қазір. Қазір жөндеуге болады деп тұр. Бірақ оның жұмыс көлемі мен шығындары жаңа үй салғанмен тең деп тұр. Немесе сол жаңа үй салуға тең деп тұрған соң сүруге болады деп тұр ол үйлерді", - дейді Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Ондасынов.

Бұдан бөлек 54 үйді салған "БатысАльянсСтрой" компаниясы өкілдері 60 шаршы метрлік үйлерге 18 миллион теңге, ал 120 шаршы метрлік баспаналарға 30 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге дайын екенін мәлімдеген. Үй бұзып, жерді иесіне қалдырмақ. Алайда тұрғындар ол қаржының бір бөлігі несие жабуға кетеді деп келіспей отыр.

Әкімдік өкілінің айтуынша, екі қабатты коттедждер тұрғындарынан жеңіл-желпі ақауға байланысты шағым түскен. ПД қылмыстық іс қозғады. Қазір орындалған құрылыс жұмыстарының стандарттарға сәйкестігін анықтау үшін кешенді сот сараптамасы тағайындалған, сондай-ақ қаржылық мәліметтер де зерделенуде.

Атырауда мемекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген үйлер апатты деп танылды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.