11 көлік: Ақтөбе облысында жаппай жол апаты болды
Опубликовано:
Ақтөбе облысындағы KAZ09 автожолында жаппай жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖолға" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық компанияның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, жаппай жол апаты 10 ақпанда сағат 10:45 шамасында республикалық маңызы бар KAZ09 "Ақтөбе – Қандыағаш – Доссор – Атырау – РФ шекарасы (Құрманғазы ө/п)" автожолының Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Тамды кенті маңындағы бөлігінде болған.
"Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, жүк көлігінің жүргізушісі жолдың жүру бөлігінде үш автокөліктің соқтығысуынан пайда болған кедергіні байқап, қозғалысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болған. Соның салдарынан бір бағытта келе жатқан өзге көлік құралдары арасында соқтығысу болып, барлығы 11 көлік құралы жол апатына ұшырады", - делінген хабарламада.
Оқиғаға байланысты 10 ақпанда сағат 11:30-дан бастап аталған автожолдың 11-337 шақырым аралығында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша шектелген. Қазіргі уақытта ЖКО орнында жеті арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Құзырлы органдар жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2341881-11-kolik-aqtobe-oblysynda-zhappai-zhol-apaty-boldy/