Биылғы пітір садақаның мөлшері белгілі болды
Опубликовано:
Биыл пітір мөлшері 735 теңге болып белгіленді, деп хабарлайды ҚМДБ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді.
Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.
Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады", - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы.
2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілген:
- бидай 2 кг – 318 теңге.
- ұн 2 кг – 735 теңге.
- арпа 4 кг – 514 теңге.
- мейіз 2 кг – 6400 теңге.
- құрма 4 кг – 12400 теңге.
"Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі", - деп түсіндірді Сансызбай Құрбанұлы.
Оның айтуынша, пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Пітірді Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру мұстахаб саналады.
Сондай-ақ ҚМДБ төрағасының орынбасары бай, ауқатты адамдар пітір садақаны екі келі мейізбен (6400 теңге) немесе төрт келі құрмамен (12400 теңге) бергені абзалырақ екенін атап өтті.
"Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді", - деді Сансызбай Құрбанұлы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2342328-biylgy-pitir-sadaqanyng-molsheri-belgili-boldy/