"Үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында": Сара Назарбаеваға қандай диагноз қойылғаны хабарланды
Опубликовано:
Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айдос Үкібай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен азаматтардан Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығына байланысты көптеген сауал келіп түскенін мәлімдеді.
Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенсек, Сара Назарбаева 2025 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы президенті Іс басқармасы медициналық орталығының Алматы қаласындағы ұлттық госпиталінде емделді.
"Сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктін бастан кешірді. Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған ауыр қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында дамыған жүректің ишемиялық ауруын, жүрек және өкпе жеткіліксіздігін анықтады.
Сара Назарбаева ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету және жасанды бүйрек аппараттарына қосылған күйде болды.
Биылғы жылдың қаңтар айында жағдайының тұрақтануына байланысты стационарлық емдеу кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта Сара Алпысқызы Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында", - дейді Айдос Үкібай.
Еске сала кетейік, жақында Сара Назарбаеваның ауруханадан шыққаны белгілі болды. Оның Ұлттық госпитальде ем қабылдағанын хабарлаған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2342334-ui-zhagdaiynda-darigerlerding-baqylauynda-sara-nazarbaevaga-qandai-diagnoz-qoiylgany-habarlandy/