Ғашықтар күні: ІІМ ел азаматтарын сақ болуға шақырды
Опубликовано:
14 ақпанда кейбір жұп Ғашықтар күнін атап өтеді. Осыған орай ІІМ ел азаматтарына үндеу жасап, сыйлық таңдау кезінде алаяқтардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Ғашықтар күніне орай көпшілік сүйіктісіне ерекше сыйлық дайындауға асығады. Мереке қарсаңында жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар туралы ақпарат көбейеді. Алайда мерекелік қарбаласты интернет-алаяқтар да өз пайдасына жаратып, жалған сайттар ашып, әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдауға тырысады", - делінген хабарламада.
Осы орайда ІІМ алаяқтарға алданып, қаржылық шығынға ұшырмас үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салды.
ІІМ ұсынған кеңестер:
- тауарды тек сенімді, тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алыңыз;
- әлеуметтік желілердегі немесе мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- шектен тыс төмен баға ұсынылса, абай болыңыз – бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін;
- сатушыдан тауардың нақты бар екенін растауды сұраңыз; бейнеқоңырау арқылы дүкеннің нақты мекенжайын көрсетуді өтініңіз. Алаяқтар көбіне мұндай талаптан жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген фото жібереді;
- төлем жасау кезінде сақ болыңыз: ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармаңыз;
- жеке деректеріңізді қорғаңыз. Бөгде адамдарға ешқашан парольдерді, SMS-кодтарды, CVV-кодты және банк картасы туралы толық мәліметті бермеңіз.
Айта кетелік, Қазақстанда Ғашықтар күні 15 сәуірде атап өтіледі. Бұл күн Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні атап деп аталады. Дегенмен Әулие Валентин күні 14 ақпанда көптеген елде атап өтілетіндіктен, Қазақстанда да кейбір ғашықтар 14 ақпанда бір-бірін құттықтап, сыйлық сыйлап жатады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2342799-gashyqtar-kuni-iim-el-azamattaryn-saq-boluga-shaqyrdy/