Қазақстандықтар коммуналдық төлемдердің күрт өскенін байқаған: комитет түсініктеме берді
Опубликовано:
Коммуналдық төлемдердердің күрт өскенін байқаған тұрғындардың шағымына қатысты Табиғи монополияларды реттеу комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Комитет өкілдерінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий қолданылады. Бұл ретте реттелетін коммуналдық қызметтерге электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жатады.
Аталған кезеңде Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аумақтық департаменттері тарифтерді қайта қарау мен арттыруды жүргізбеген.
2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айлары үшін жылумен жабдықтау қызметтері бойынша есептеулер үйдің жалпы жылу энергиясын есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пәтерлердің алаңына пропорционалды түрде бөлінген.
"Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды. Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады.
Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласы бойынша орташа айлық температура -8°C болса, биыл қаңтарда -14,3°C болды. Бұл жылу энергиясын тұтынудың артуына және соның нәтижесінде төлем құжаттарында сомалардың өзгеруіне әсер етті", - делінген хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша есептеулер есепке алу құралдарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Тұтынушылар көрсеткіштерді уақтылы тапсырған жағдайда есептеу нақты тұтынылған көлем бойынша жүзеге асырылады.
"Айта кету қажет, реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтері қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бекітіледі. Қызмет нақты көрсетілген кезде ҚҚС салық заңнамасына сәйкес төлем құжаттарына енгізіледі және төлеуге жататын соңғы сомаға әсер етеді. Орташа алғанда түбіртектердегі сомалардың ұлғаюы шамамен 3-4 пайыз және бұл тарифтердің өсуі болып табылмайды.
Мысал ретінде: егер уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша сумен жабдықтау қызметінің 5 текше метр үшін есептеген сомасы 500 теңге болса, онда ҚҚС мөлшері 12 пайыз болған жағдайда салық сомасы – 60 теңге, ал төлемнің қорытынды сомасы 560 теңге болады. ҚҚС мөлшері 16 пайыз болған кезде салық сомасы – 80 теңге, ал төлеуге жататын жиынтық сома 580 теңге болады.
Осылайша, төлемнің нақты ұлғаюы 20 теңге немесе бұрын төленген соманың шамамен 3,6 пайызы болады, бұл коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарауға байланысты емес", - делінген хабарламада.
Комитет сонымен қатар, төлем түбіртектері, әдетте, тек реттелетін коммуналдық қызметтерді ғана емес (электр, жылу, су және су бұру), көрсетілетін өзге де қызметтерді қамтитынын нақтылады. Олардың ішінде телекоммуникациялық қызметтер, лифт қызметі, ортақ мүлікті басқару және күтіп ұстау (ОСИ/КСК), сондай-ақ өзге де қосымша қызметтер бар.
"Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін.
Жүргізілген талдау нәтижесінде келіп түскен шағымдардың жеке сипатта екені және нақты тұрғын жайлар бойынша есептеулердің ерекшеліктерімен (тұтыну көлемі, бөлудің дұрыстығы, көрсеткіштерді алу кезеңі, қайта есептеулердің болуы, төлемнің кешіктірілуі және өзге де жағдайлар) байланысты екені анықталды", - делінген хабарламада.
Комитет толық түсіндірме алу және есептеулерді салыстыру үшін тұтынушыларға алдымен тиісті қызмет бойынша төлемді есептейтін табиғи монополия субъектісіне жүгінуді ұсынады.
Мәселе шешілмеген немесе ұсынылған түсіндірмелермен келіспеген жағдайда, тұтынушы тиісті өңір бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаментіне немесе е-Otinish азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы шағымдануға құқылы.
"Тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғауға жәрдем көрсету туралы өтініштер келіп түскен жағдайда және негіз болған кезде, аумақтық департамент Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополия субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2342826-kommunaldyq-tolemder-osken-tabigi-monopoliialardy-retteu-komiteti-tusinikteme-berdi/