Ең жоғары нәтиже – 138 балл: қаңтарда ҰБТ тапсырған талапкерлер туралы деректер жарияланды
Опубликовано:
Қаңтарда ҰБТ тапсырған 184 мың талапкерлердің 68 пайызы шекті балл жинаған. Ал ең жоғары нәтиже – 138 балл, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда 184 мыңға жуық адам ҰБТ тапсырды. Талапкерлердің 75 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тапсырды.
Талапкерлердің 68 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша талапкерлер орташа 64 балл жинаған. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Еске сала кетейік, талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Бұл жолы 19 мыңға жуық өтініш қабылданып, олардың ішінде 2 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылған. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
Тестке қатысушылардың басым бөлігі "Математика-Физика" комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 19,2 пайызы тапсырды. "Биология-Химия" пәндерін 16,8 пайызы таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 9,8 пайызы таңдаған "Шығармашылық емтихан" комбинациясы кірді.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 446 талапкер қатысқан.
ҰБТ-ны өткізу барысында 320 ереже бұзу дерегі тіркелді. 198 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 120 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Бейне бақылауды тексеру нәтижесінде 2 адамның сертификаты жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2343114-eng-zhogary-natizhe-138-ball-qangtarda-ubt-tapsyrgan-talapkerler-turaly-derekter-zhariialandy/