Қонаевтың жиені – энергетик және инженер Алтай Қадыржанов өмірден өтті
Опубликовано:
Читать на русском
Дінмұхамед Қонаевтың жиені болған энергетика саласының көрнекті маманы, білікті инженер Алтай Қадыржанов дүниеден озды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бүкіл ұжымның атынан Алтай Қадыржановтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің басшылығы мен ұжымы көрнекті энергетик, білікті инженер Алтай Камалұлы Қадыржановтың мезгілсіз қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.
Өмірден ел энергетикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті маман, өндірістің талантты ұйымдастырушысы, нағыз мемлекетшіл тұлға өтті. Оның бүкіл кәсіби ғұмыры – Қазақстанның энергетикалық жүйесінің қалыптасуы мен нығаюының жарқын шежіресі, сала мен Отанға адал қызмет етудің өнегелі үлгісі", - делінген көңіл айту жеделхатында.
Алтай Камалұлы еңбек жолын жас инженер ретінде бастап, "Алматыэнерго" компаниясының бас директоры, сондай-ақ жетекші жобалау-іздестіру институтының басшысы деңгейіне дейін көтерілген. Энергетика саласының ең күрделі кезеңдерінде ол ұстанымдылығымен, стратегиялық ойлауымен және айрықша жауапкершілігімен ерекшеленген.
Оның басшылығымен елдің оңтүстік өңірін жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, электр желілік кешендер жаңғыртылған, энергетикалық жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын айқындаған маңызды нысандар іске қосылған.
"Алтай Қадыржановтың жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттерінің және онымен бірге еңбек еткен барша жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", - делінген хабарламада.
Дінмұхамед Қонаев атындағы Халықаралық қордың ұжымы да Алтай Қадыржановтың жақындарына көңіл айтты.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, көрнекті энергетик Дінмұхамед Қонаевтың жиені болғанымен, оның атағын пайдаланбай, өзін еңбегімен, білімімен және ісімен дәлелдеген.
Ол сондай-ақ жоғары мәдениетті, парасатты тұлға болған.
"Алтай Камалұлы инженер және жетекші ғана емес, дүниетанымы кең, қиын кезеңдерде мәдениетті, ғылымды және ұлттық бастамаларды қолдай білген меценат еді", - деп атап өтті қордан.
Алтай Қадыржанов – КСРО-ның құрметті энергетигі, "Құрмет" орденінің иегері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2343993-qonaevtyng-zhieni-energetik-zhane-inzhener-altai-qadyrzhanov-omirden-otti/