"Үйретеріміз қалмады": 4 жасар түркістандық вундеркинд туралы не білеміз
Опубликовано:
Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылында нағыз вундеркинд өсіп келеді, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, небәрі 4 жасар Әли Адамбек екі таңбалы, тіпті үш таңбалы сандарды ойша есептеп, көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды.
"Әлидің зеректігі сондай, балабақша тәрбиешілері "үйретеріміз қалмады" деп, оны мектепке жіберген. Бүгінде ол дайындық сыныбында оқығанымен, логикалық деңгейі жоғарғы сынып оқушыларымен тең", - делінген хабарламада.
"Алтынтөбе" орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекова Әли тіпті 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді олардан бұрын шығарып, көпшілікті қайран қалдырып жүргенін жеткізді.
Әлидің анасы Нұргүл Мырзағалиның айтуынша, Әли мультфильмнен гөрі ағылшын тіліндегі математикалық контенттерді қызығып тамашалайды.
"Ұйықтар алдында ертегі тыңдаудың орнына, жарты сағат бойы есеп шығарып, көбейту кестесін айтуды өтінеді", - дейді ол.
Әли тек математикамен шектелмей, әліппені толық меңгеріп алған, енді ол ағылшын тілінде жазуды жетік меңгермек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2344119-5-6-synyp-oqushylary-sheshe-almaityn-kurdeli-esepterdi-shygardy-4-zhasar-turkistandyq-vunderkind-turaly-ne-bilemiz/