Алматыда көктемде күн райы қандай болады: Қазгидромет болжамы
Опубликовано:
Алматыда көктемде күн райы қандай болады? "Қазгидромет" РМК-ның Алматы мен Алматы облысындағы бөлімшесінің метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаев жеке болжамын ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Дәулет Кісебаевтың айтуынша, наурызда Алматыда температура айтарлықтай ауытқуы мүмкін.
"Айдың бірінші онкүндігінде түнгі температура -5…-10 градусқа дейін төмендеуі ықтимал, екінші онкүндікте күндіз +23 градусқа дейін жылынады, ай соңында аз уақытқа салқындауы мүмкін. Сәуір мен мамырда орташа ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды", - деді спикер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Наурыз бен сәуір айында Алматыда жауын-шашынның мөлшері әдеттегіден көп болады деген болжам бар.
"Наурызда климаттық норма 72 мм болса, әсіресе айдың бірінші және үшінші онкүндігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жиі жауады. Сәуірде норма 112 мм болғанымен, жауын-шашын мөлшері көп болуы ықтимал. Мамырда жауын-шашын көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштерге сәйкес, шамамен 99 мм деңгейінде болады", - деді ол.
Дәулет Кісебаев сәуір мен мамыр Алматыда ең жаңбырлы ай саналатынын атап өтті.
"Бұл уақытта жауын-шашынның көбеюі бір төтенше жағдай емес, өңірдің климаттық ерекшелігі сондай", - деді спикер.
Синоптиктердің бағалауынша, жалпы биылғы көктем Алматы қаласы мен облыста әдеттегідей қалыпты өтпек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2344152-almatyda-koktemde-kun-raiy-qandai-bolady-qazgidromet-bolzhamy/