Нұрлыбек Нәлібаев: Әр азамат өз таңдауын нақтылайтын күн жақын
Опубликовано:
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір тұрғындарын алдағы республикалық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Аймақ басшысы бұл туралы халыққа арнаған үндеуінде ел өміріндегі маңызды саяси науқанның мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жыл басында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай еліміздегі ауқымды өзгерістер мен түбегейлі бетбұрыстардың бастауына айналды.
Сол алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Конституциялық реформаны қоғам жан-жақты талқылаған болатын. Нәтижесінде біртұтас Қазақстан халқының мақсат-мүддесі қамтылған жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды.
"Алдағы жексенбіде қастерлі Отанымызды, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтау, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам жасаймыз. "Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" қағидатына берік негізделген халықтық Конституцияға қатысты түпкілікті шешім халық таңдауына сүйеніп қабылданады", - деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінің тұрғындары бұған дейінгі саяси реформалар кезінде әрдайым белсенділік танытып, береке-бірлік пен татулықтың үлгісін көрсеткенін атап өтті.
"Бұл жолы да жерлестеріміз жаңғырудың жаңа кезеңінің мәнін терең түсініп, өз көзқарасын білдірудегі үлгілі жолды жалғайды деп сенемін. Біздің азаматтарымыздың бойындағы отаншылдық пен жауапкершілікке негізделген ұстанымдары айқын. Ол – елдің жарқын болашағы, бекем бірлігі және мызғымас тұтастығы", - деді аймақ басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2353410-nurlybek-nalibaev-ar-azamat-oz-tangdauyn-naqtylaityn-kun-zhaqyn/