Мәскеуде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға бюст орнатылды
Опубликовано:
Мәскеуде қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, "Алаш" қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі, "Алашорда" үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханға бюст орнатылды. Бұл туралы 24KZ арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мәскеудегі бюст ұлт көсемінің биыл туғанына 160 жыл толуына орай ашылған.
Бюст "Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі" кешенінде бой көтерген. Қола мүсіннің салмағы 80 келіден асады. Жарты жыл бұрын Қазақстанда арнайы әзірленген.
"Мүсіндегі бейненің Әлихан Бөкейханның суретіне қатты ұқсағанын қаладық. Мүсіншіні таңдап алып, тапсырыс бердік. Бейнесін және басқа да барлық мәселені елшілікпен келісе отырып, атқардық", - дейді кәсіпкер Жанболат Надыр.
Қазақстанның ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев Ресейде Әлихан Бөкейханға арнаулы мүсіннің қойылуы – оның ел тарихындағы өлшеусіз үлесіне деген терең құрметтің белгісі екенін атап өтті.
"Ол Ресейдің Мемлекеттік Думасында қызмет етіп, байырғы халықтардың құқығын қорғады. Ол халықтар бірлігіне және өркендеп, дамуға сенді. Оның мұрасы елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаларында сақталған", - деді Дәурен Абаев.
Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылын Мәскеуде өткізген. Мырзақамақта отырып, ғылым, әдебиетпен айналысқан. Ұлт көсемі атылғаннан кейін жарты ғасырдан соң 1989 жылы ғана ақталды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2353413-maskeude-ult-kosemi-alihan-bokeihanga-biust-ornatyldy/