Маңғыстау облысында қыз ұрлағаны үшін екі адам сотталды
Опубликовано:
Маңғыстау облысында қыз алып қашқаны үшін екі азамат 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомство хабарламасына сай, 2026 жылғы 2 ақпанда Мұнайлы аудандық сотының үкімімен А. және О. азаматтар Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1) және 4) тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Олардың әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кету керек, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне "Некеге тұруға мәжбүрлеу" атты жаңа бап енгізілді. Аталған нормаға сәйкес қызды оның келісімінсіз алып қашу (халық арасында "қыз алып қашу" деп аталады), сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу немесе көндіру дербес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды.
Аталған әрекетті жасағаны үшін айыппұл салудан бастап 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген.
Адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлау – заңға қайшы әрекет және заңмен қатаң түрде тыйым салынған. Бұл норманың қабылдануы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2353860-manggystau-oblysynda-qyz-urlagany-ushin-eki-adam-sottaldy/